Төтенше жағдай мамандары орнатылған пеш қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін бірнеше рет ескерткен.
Заңгер Жандос Тұяқов Астанадағы 5 баланың өлімі үшін үй қожайыны жауапқа тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Баспана иесі 2 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал, бұған дейін төтенше жағдай мамандары орнатылған пеш қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтып, бірнеше рет ескерту жасалғанын айтты. Соңғы рет бір аптадай бұрын ескертіп кеткен, деп хабарлайды sputniknews.kz порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Комиссия өрт талаптарына сәйкес келмеген деп анықтаған жағдайда, осы оқиға бойынша бұл азаматтар – «времянканың» иелері Қылмыстық кодекстің 292-ші бабы 2-ші бөліміне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Онда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан сол уақытқа айыру жазасы қарастырылған», - дейді Тұяқов.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары әкесінің түнгі уақытта жұмыста болған-болмағаны анықталып, жұмыс беруші де сұралатынын айтқан еді.
5 қызынан айрылған Евгений Ситер сол түні Талапкер көшесінде орналасқан Көлік жөндеу стансасында жұмыс істеген. Алайда, атау жоқ стансада абалаған иттен өзге жан иесі көрінбеді. Ал, Ішкі істер министрлігі жұмыс берушіге қатысты тергеу жұмыстары жөнінде қандай да бір ақпар беруден бас тартты.