Карантинде құрылыста жұмыс істедім: әнші Дана өзі туралы айтып берді

02.12.2021 15:33

Әнші Қорқыт Ата университетінде "жоғары музыкалық білім" мамандығында оқыған

видео кадры

Үй жөндеу жұмыстары кезінде ән айтып желіде жұлдыз болған әнші Гүлмайдан Серікбай (лақапаты - Дана) өзі туралы айтып берді. Ол желіде таралған видео қалай түсірілгенін және өз шығармашылығын, сондай-ақ, отбасылық жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Гүлмайдан 1994 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылында дүниеге келген. Әнші Қорқыт Ата университетінде "жоғары музыкалық білім" мамандығында оқыған.

"Отбасылық жағдайыма байланысты оқу орнынан 3-курстан кейін кетіп қалдым. Қазір отбасылымын. Төрт жасар ұлым бар", – дейді ол.

Гүлмайдан негізі әншілік өнерде жүрген екен, көбіне кафе, мейрамханаларда ән салған. Алайда коронавирус пандемиясы басталып, бәрі карантинге жабылғаннан кейін үй жөндеу жұмысына кірісіп, нәпақа табуға көшкен.

Сондай-ақ әнші желіде көп таралған видео қашан және қандай жағдайда түсірілгенін айтып берді.

"Содан бері көрші келіншек әрі жақын құрбыма айналған Жұлдызбен бірге жұмыс істеп жүрдім. Бірге құрылысқа шыққанбыз, бос үйде акустикасы жақсы болғаннан кейін дауыс жақсы шықты. Сол құрбым маған байқатпай, видеоға түсіріп алыпты. Видео өткен аптада жұмада түсірілген, мен білмей, әнімді айтып отырған екенмін. Бөлмеде акустика жақсы болған соң елге жақсы таралды деп ойлаймын", – дейді Дана лақапатымен өнерге келген Гүлмайдан Серікбай.

Көмекшісі Гауһар Раматулланың айтуынша, Гүлмайдан бастапқыда TikTok әлеуметтік желісінде танылып, кейін түрлі мессенджерлер арқылы видеосы таралған.

"TikTok-та видео таралды, әпкеме осы қызды отбасымызбен көріп жатырмыз деп, тауып алып, өзім желіде белсенділік жасау жолын білгендіктен, инста-парақшасын аштым, пабликтер бірінші тарата бастады. Сол пабликтерде шыққан соң халық бірден мақтап, өнерін бағалады. Сол пікірлерге Дана жауап жазып, рақметін айтып жүрді. Осылайша кешке қарай блогер Дәулет Мұқаевтың көмекшісі хабарласып, өз парақшасына жүктеді. Сосын барлығы хабарласа бастады", – дейді әншінің көмекшісі.

Дана дүниеге келгенде перзентханадан шығарғанда "Қазақстан әйелдері" журналында Гүлмайдан Сүндетова деген әншінің суреті тұрған екен. Сондықтан ата-анасы оған әнші болсын деген тілекпен осындай есім таңдапты.

"Әнші болсын деп, атымды қойғанда періштелер әумин деген шығар. Тағы бір жағынан нағашы әжем Ырысқал Өксікбаева даусы жақсы болған. Ол кісіні өзім көрмедім. Бірақ үлкендер айтып отырады. Сол кісінің өнері дарыған шығар", – дейді әнші.

Айта кетейік, қазіргі уақытта әншінің парақшасына 20 мыңға жуық адам жазылып үлгерген. Дананың видеосын әнші Сәкен Майғазиев те жариялаған.

"Желіні "жарып жатқан" аруды мен де жариялап қояйын. "Қазақстан дауысы" жобасына келгенде тетікті төртеуміз де басар ма едік. "Әу" демейтін ҚАЗАҚ жоқ" деген сөздің дәлелі осы емес пе. Таныс болыңыздар, Дана Серікбай 1994 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Дананың музыкалық білімі жоқ. Тек 3 курс оқып, оқуы аяқталмай қалған. Яғни, қолында диплом да жоқ. Бірақ Алла берген дауыс бар. Қазіргі уақытта Алматыдағы пәтерлерде жөндеу жұмыстарын (евроремонт) жасап, нәпақасын тауып жүр екен. Жолың ашық болсын, Дана кыз!" – деп қолдау білдіріпті Майғазиев.

Жас өнерпазды бірінші болып қолдағандар арасында блогер Дәулет Мұқаев бар.

"Мынандай дауыспен Дананың ән айтатын жері адам жоқ тар бөлме емес, мыңдаған көрермені бар үлкен сахналар деп ойлаймын. Таланты бар, танысы жоқ жанға мықты продюсер табылса екен деймін. Сәттілік, Дана!" – дейді блогер Дәулет Мұқаев (Dauletten).

Теги: ән өнер