«Харекет» қоры І топтағы мүгедек Темірлан Романқұловқа екі бөлмелі пәтер алып берді
Ақтөбеде арбада отырған үш баланың әкесіне Мақпал Жүнісованың концерті үстінде баспана кілті табысталды. Әнші мүгедек азаматтың алдында басын иді, деп жазды KAZ.NUR.KZ.
«Харекет» қоры І топтағы мүгедек Темірлан Романқұловқа екі бөлмелі пәтер алып берді.
«Жаңа үйге балалардың оқуы біткен соң көшіп барамыз. Бізге Қандыағаш қаласынан екі бөлмелі пәтер бұйырды. Аллаға шүкір, көмек қолын созған адамдарға алғысымыз шексіз», - дейді Темірлан Романқұлов.
Темірлан осыған дейін Темір ауданының Шұбарши ауылында уақытша берілген баспанада тұрған. Ата-анасынан ерте айырылған азамат бауырларының қамқорлығында болған.
Қытай компаниясында жұмыс істеп жүріп, 23 жасында арбаға таңылған азамат 6 жыл бұрын 20 жастағы келіншекпен көңіл жарастырған.
«Екеуміз интернет арқылы таныстық. Мен өзім Атырау облысының қызымын. Ол барлық жағдайын айтып берді. Бұрын-соңды кездескен емеспіз. Тек бір-бірімізге суреттерімізді жібердік.
Түсіністік. Осында өзім келдім. Үйлендік, балалы болдық. Алғашында әке-шешем түсінбеген еді. Балалы-шағалы болғаннан кейін бәрі реттелді.
Отбасын құрғаннан кейін екеуміз де намазға жығылдық. Аллаға алғысымыз шексіз. Біз бақытты отбасымыз», - дейді келіншегі Гүлмира Жұматова.