Қазіргі уақытта Қазақстанда еңбек мигранттарының қызметін пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар
Бүгінгі күні Қазақстанда 16,4 мыңнан астам мигрант заңды түрде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 424 шетел азаматы еңбек етеді», - делінген ведомство ақпаратында.
Шетел жұмыс күшін тартуға квота келесі санаттарға берілген:
- басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 617 рұқсат (бірінші санат);
- құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 224 рұқсат (екінші санат).
- мамандар 8 020 рұқсат;
- білікті жұмысшылар 926 рұқсат;
- маусымдық жұмыстарға 1 506 рұқсат;
- корпоративтік ауыстыру аясында 2 131 рұқсат.
Министрлік мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда еңбек мигранттарының қызметін пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 398 мыңнан астам азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 651 адам, Түркия – 1 853 адам, Өзбекстан – 1 605 адам, Үндістан – 1 577 адам, Ұлыбритания – 1 113 адам. Айта кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетел мамандарын тартуға жыл сайын квота белгілейді және бөледі. 2022 жылға жоспарланған 28 352 квота саны 23 560-қа дейін, яғни 4 792 адамға (16%) азайтылды.