|
20.12.2019 | 18:36
6561

Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді

Кездесу С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Конкордия» студенттік театрында өтті

Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді

20 желтоқсанда С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Конкордия» студенттік театрында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас-басына би болған пәтер иелері кооперативтері дұрыс жұмыс істемейді. Олар үйлерімізге құрылыс жүргізбей, қомақты қаржыны қалтаға басады. Қаптаған көңіл көтеретін орындар мазамызды қашырды. Түтінге тұншықтырып, түнімен ұйқы бермейді. Сессияны ақша төлеп жабудан шаршадық. Ескі үйлерден көшетін күн туа ма? Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа «ашық микрофон» форматында өткен бүгінгі кездесуде Алмалы ауданының тұрғындары осындай сұрақтар қойды.

Алдымен аудан әкімі Бекқали Торғаев кішігірім есеп берді. Сөзінше, тамыздағы жүздесуде дүйім елден 90-нан астам ауызша және жазбаша сұрақ түскен. Оның 33-і оң шешім тауып, 40-тан астамына тиісті жауап беріліпті.

«Қазір 9 сұрақ әлі әкімдіктің қарауында. Маңызды мәселелерге тоқтала кетейін. Өткен кездесуде төрт көшенің тұрғындары орталық кәріз жүйесі жоқ деп мәселе көтерді. Негізінде ауданда бас-аяғы 8 көшеде канализация жоқ. Тиісті басқарма қазір сметалық жоба жасап жатыр. Сосын, Шевченко көшесін жөндеу керек деген еді. Жұмыстар келесі жылы басталады. Ата-аналар №144 мектеп-гимназияға спорт зал мен қосымша ғимарат салуды сұрады. Біз 2020 жылы құжат жасалуы тиіс ғимараттар тізіміне қостық», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.

Бұдан кейін Алмалы тұрғындары қала әкімімен ашық диалог өткізді. Сұрақ қойғысы келгендер қаздай тізіліп, микрофон алдына кезекке тұрды. Сұрақтар арасында жаға ұстатарлық жайт та кездесті. Бұл жас жігіт өзі оқитын колледжде жемқорлық дендеп тұр деп шағымданды.  Айтуынша, студенттер сессия тапсыру үшін ұстаздарға ақша беретін көрінеді.


СҰРАҚ: «Бүгін мен мұнда Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің атынан келіп тұрмын. Сыбайластыққа қатысты сұрағым бар, денешынықтыру пәнінің оқытущысы 4 деген баға үшін 4000 теңге, қазақ тілінен дәл сол бағаны алу әр топ 20 мың теңге жинап беруі керек».

ЖАУАП: «Комиссия құрып, тексереміз. Білім басқармасының өзіне емес, аппарат басшысына тапсырамын. Ақпаратыңызға рахмет".

Кездесуде халықтың басым бөлігі пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Сөздерінше, олар тек ақшаны қалтаға басумен айналысады. Тұрғын үйді жөндеуден өткізбейді, дүйім ел алдында ашық есеп бермейді. Оған қоса, кей тұрғындар ПИК басшыларын биліктен сот шешімімен кетіре алмай жүрміз дейді. Себебі, төрайымдар халыққа құжаттарды өткізбей қашып жүр. Заңға бағынбайтын оларды қалай тезге саламыз деп сұрады.

СҰРАҚ: «Железнодорожник» ПИК-і бойынша сұрақ қойғым келеді. Жамбыл 63 және Желтоқсан 144 үйлердің он жылдан бері төбесінен су ағады. Әкімдік қызметкерлері көмектесуге тырысуда. Алайда ПИК мүлдем қозғалар емес. Не істеуге болады?»


«Пәтер иелері кооперативтері туралы мәселені жиі естимін. Өкінішке қарай, әкімдік олардың жұмысына тікелей араласа алмайды. Сіздердің жағдайларыңызды түсінемін. Бірақ заң тұрғысында оларға әрекет ете алмаймыз. Пәтер иелері кооперативінің басшылары мұны жақсы біліп алған. Соны пайдаланып отыр», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сонау 1932 жылы құрылған ауданда көңіл көтеретін орындап көп деп шағымданды жұрт. Оған қоса, кей кафелер тұрғындардың терезесіне дейін заңсыз қосымша жапсарлас ғимарат салып алған.

СҰРАҚ: "Мен Байтурсынов көшесі 63 үйде тұрамын. 37 пәтер. «Диірмен» кафесі барша тұрғындарды мезі қылды.  Екінші қабаттың шатыры терезенің үстінде орналасқан.  Бұлай өмір сүру мүмкін емес. Өйткені жел айдағыштың шуы бір тоқтамайды».

ЖАУАП: «Бүгінде шара қолданылуда, материал сотқа кетті. Сот шешімі шықса болды, нысан қайта жасалады»

Халық көңіл көтеретін орынға келгендер түнімен ұйқы бермей мазамызды қашырады дейді. Түнгі уақытта басталған шу таңға жуық бірақ тарқайды. Тіпті кейде полиция шақыртуға мәжбүрміз деді. Тек оған да еті үйренген ойын сауық нысандарының иелері кәсібін дөңгелетіп жатыр деп арызданды.

Ауданда келесі жылы атқарылатын жұмыс көп. 2020 жылы Алмалыда  тағы 18 шақырым тротуар салынады. 26 учаскекеге көше шамдары орнатылып, нәтижесінде 50 шақты аула мен 70-ке жуық көшеге қосымша жарық беріледі. Келер жылы 52 аула толық жөндеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир