Алматыда Балаларды қорғау күні қаладағы балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Мерекелік шеруге 5 мыңнан астам оқушы мен колледждер студенттері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік шеруге қатысқан барабаншылар, черлидерлер, үрлемелі оркестрлер мен би ұжымдарының колонналары Астана алаңынан бастау алып, Төле би және Панфилов көшелерімен жүріп өтті. Шеру Жібек жолы көшесіндегі ерекше флэшмобпен қорытындыланды.
«Оркестрлер шеруі – бұл тек балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін көтеру ғана емес, сонымен бірге өзі оқитын білім ұясына деген мақтаныш сезімін ояту, қала мектептерінің беделін арттыру. Бұдан өзге, оқушылар мен студенттердің көше-фестивальдік шеруін дамыту - эстетикалық әрі патриоттық тәрбиенің маңызды факторы», – деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева.
Мерекелік бағдарлама бойынша көрермендер алдында отандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде Raim мен Artur, Серік Ибрагимов, «Сенім» вокалды-хор студиясы өнер көрсетті. Ең кішкентай қонақтар үшін түрлі интерактивті ойындар мен конкурстар ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, Халықралық балаларды қорғау күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Бозторғай» балалар шығармашылығы XХI Халықаралық конкурс лауреаттарының гала-концерті өтті. Оған Испания, Болгария, Латвия, Армения мен Тәжікстанның, сондай-ақ Өзбекстан, Израиль, Қырғызстанның және басқа да елдердің 600-ден астам конкурсанттары қатысты. Мерекеге орай саябақта жеңілдіктер ұйымдастырылып, балаларға тегін балмұздақ таратылды.