Әкім экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін аймақта өндірістік мекемелер салынбайтынын атап өтті
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев үш айдан кейін Алатау ауданының тұрғындарымен қайта кездесті. Жүздеген тұрғын қала басшысына толғандырған түйткілдерін жеткізу үшін Алатау дәстүрлі театрына жиналды. Бақытжан Сағынтаев жиынды "Алматы-2050" стратегиясын таныстырудан бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкім бұл бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру екенін тағы бір мәрте атап өтті. «Жаңа Алматы» концепциясы аясында орталықпен қатар шет аудандар да гүлденетіндігі айтылды. Осы мақсатқа жету үшін Алатау ауданында түрлі кәсіпорындар мен мәдени орталықтар ашылады. Жаңа нысандардың әрқайсысы инновациялық технологиялар мен ресурстарды пайдаланады. Сонымен қатар әкім экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін аймақта өндірістік мекемелер салынбайтынын атап өтті.
«Бес жылдың ішінде біздің «Жаңа Алматыға» 800 миллиард теңге қаржы керек. Оның жартысын жеке кәсіпкерлердің, қалған жартысын мемлекеттің қаржысынан деп есептеп отырмыз. Оның ішінде республикадан алатынымыз , қалалық бюджеттен беретініміз бар. Міне, солайша «Жаңа Алматыны» бір жүйеге келтіріп, мәселелерді шешуге бізге 5 жыл керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жиын әлі де жалғасып жатыр. Алатаулықтар өздерін толғандырған мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап алуда. Кездесуге қала әкімінен бөлек, барлық басқарма басшылары мен жауапты тұлғалар қатысуда. Кездесуде басқа қандай проблемалар көтерілді? Толығырақ кешкі сағат 19-00-де болатын қорытынды жаңалықтарда тарқататын боламыз.