Ол тиген күйеулерінен "мемлекеттік бағдарламамен үй аламыз" деп ақша алып, ізін суытып отырған
Жамбыл облысының полиция департаменті бірнеше рет сотты болған Ниязова Айгүл Молдазқызына іздеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық полиция департаментінің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
«Әйел егде жастағы жалғызбасты ер адамдардың сеніміне кіріп, жалған неке қиып отырған. Кейін туысын жұмысқа орналастырамын деген сылтаумен немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй аламыз деген желеумен ақша сұрап алатын болған», – делінген департаменттің ақпаратында.
Полиция өкілдері аталмыш әйелдің өзге де осындай алаяқтықтарға қатысы болуы мүмкін екенін айтуда.
«Іздеу жарияланған әйелдің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпаратты білетіндер болса, немесе оның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендер болса, Жамбыл облысының полиция департаментіне 8(7262) 43-05-22, 43-06-78, 997121 нөмірлері бойынша телефон арқылы немесе «102» пультіне хабарлауды сұраймыз», - делінген ресми мәліметте.