Бүгін Қазақстан Республикасының Конституция күні 1995 жылы елдің жаңа Конституциясы қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Ата заңды ардақтап, оны құрметтеп, ұлықтау – міндетіміз екендігі ақиқат. Ең бастысы, Конституция мен оған негізделген барлық заң және басқа да құқықтық актілерді бұлжытпай орындау парызымыз. Тарих беттерін парақтасақ, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары «құқықтар жөніндегі билль» деген атпен қабылданған. Ал, жазбаша конституция 1787 жылы АҚШ-та, 1791 жылы Франция мен Польшада қолданысқа енген. Біздің елімізде Конституция 1924, 1937, 1978 жылдары жазбаша түрде қабылданған.
Бұған дейін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» – Ұлы дала заңдары болғаны анық. Бұл дала демократиясына сүйенген қазақ халқының бұрыннан салт-дәстүр, белгілі заң қағидаларын басшылыққа алған билер институтымен қоғамдық мәселелерін реттеп отырғандығын көрсетеді.
Ал қазіргі Қазақ мемлекетінің ұйытқысы болған Ата заң - ата бабаларымыздың ар-намысына негізделген бірлік, тыныштық идеяларыннан тұрады. Қолданыстағы Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Осыған дейінгі Ата заң кеңестік қағидаларға негізделгендіктен, заман талабына жауап бере алмады. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында жазды. Тұңғыш Президент заман ағымы мен сұранысына қарай, Ата заңның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмағандығын сөзге тиек етеді.
Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық мемлекет ретінде көрсетілген. Ал мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық делінген. Бұдан шығатынды қорытынды біреу - Қазақстан халықтық мемлекет. Ата заң - қоғам мен мемлекетті дамыған алпауыт елдердің қатарына қосылу жолында алға жетелейтін басты құжат. Сондықтан Конституцияға деген құрмет балабашадан бастап, мектеп, жоғары оқу орындарында ұдайы айтылады.
Конституция заман талаптарына жауап беруі керек, дейді заңгерлер. Егер қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар қажет болса, уақыт талабына сай оларға жылдам әрекет етіп, қарастырып, іске асырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түрлі елдердің тәжірибесін жіті зерделеп, оған ғалымдар мен заңгерлерді тартты. Ел азаматтары Ата заңды бекіту процесіне жұмылды. Конституцияның 33 мың қоғамдық талқылауына 3 миллионнан астам адам қатысқан. 30 мыңға жуық ұсыныс пен пікір айтылған. Конституцияның 55 бабына көптеген түзету мен толықтыру енгізілген. Осындай үлкен жұмыс пен бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция қолданысқа енді.
Ал 1998 және 2007 жылдары ҚР Конституциясына елеулі өзгерістер енгізілді. Себебі Конституция - мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастыратын құжат. 25 жылдың ішінде Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Өзінің заман талабына лайықтығын айқындады.
Ата Заңымыз жарқын болашаққа жетелейтін айқын жолымыз, айбарымыз. Осы Заң аясында Қазақстанда түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, елдің тәуелсіздігін нығайтып келеді. Тарихи дала заңынан бастау алған Конституция 25 жылда өміршеңдігін көрсетті. Сөзімізге тұздық ретінде Елбасының ой оралымдарын қоссақ,
Қолданыстағы Ата заңымыз – мемлекетіміздің іргесін нығайтып, өркендеуіне серпін берген сенімді Заң, әділет жолын көрсеткен айшықты құжат. Елге белгілі ақын Нұрлан Оразалин осыны айтты. Себебі ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен ержелерді бүгінгі буынның санасына сіңіру арқылы Ата заңды құрметтеуге тәрбиелеміз.
Осы Ата заңның аясында ширек ғасырда әлеуметтік- экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан саяси тұрақтылығы мықты мемлекет ретінде әлемге танылды. Әлбетте, бұл бүкілхалықтың референдумда қабылданған ел Конституциясы арқылы жеткен жетістік екендігі аян. Дегенмен, Конституция - мемлекеттің тарихи дамуының негізі ғана емес, барлық заңның бастауы. Сондықтан Ата заңда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, билік тармақтарының қоғамдығы рөлі айқындалған.
Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі. Заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Қопабаевтың пікірі осыған саяды. Оның сөзінше, 1995 жылғы жаңа қабылданған Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» Сондықтан заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп болса, қоғамның дамуына сеп болады. Бастысы - Отанды сүю, оның заңдарына бағыну – әр азаматтың жауапкершілігі, борышы. «...Кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі.
Конституция 25 жылда тәуелсіз елдің дамуына сеп болып қана қойған жоқ, басты құжат халыққа қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің негізіне айналды.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Біз бұдан адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының аса құндылық ретінде бағаланатындығын көреміз, дейді ғалымдар.
Еліміздің Ата заңы төрткүл дүниеге «Қазақ мемлекеті» барын айқындаған айрықша құжат. Себебі ширек ғасырда Конституциямыз құқықтық мемлекет ретінде заңның мәртебелілігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы бола білді. Ал татулық пен бейбітшіліктің мекені болған Ұлы даламыз Ата заңның аясында достық туын жоғары көтеріп келеді. Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр Беляновтың ойы осы.
«Конституцияны қабылдауға тарихи идеялар септігін тигізді. Сонау 15-17 ғасырлардан бастау алады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», тарихи ескерткіш ретінде әз Тәукенің «Жеті жарғысын» айтсақ болады. Міне осы дала конституциясы бүгінгі Ата заңның қайнар көзі. Қазір елімізде түрлі ұлт пен этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Әрине, осы жолда Конституциямыздың бергені көп», – дейді ол.
25 жыл – бұл Конституция қабылданғаннан бергі кезеңнен бастап тарихи өлшемдер мен өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізетін уақыт. Мәжілісмен Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, Ата заң Парламенттің рөлін көтеріп, оның үкіметке ықпал жасау әрі бақылау тетіктерін жетілдіруге сеп болды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дамуына, сайлау жүйесін реформалау, саяси партиялардың рөлін арттыруға жағдай туғызды.
Демократиялық жолды ұстанған мемлекетте Конституцияның өміршең болатындығы күмәнсіз. Ең бастысы, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу арқылы Конституцияның әлеуетін арттыру міндет. Себебі өміріміздің тірегіне айналған басты құжат Конституциямыз – болашақ буынға да қызмет ете беретіндігі сөзсіз.