25 жастағы жігіт бүгінде елордадағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейді
Солтүстіктің қызына үйленген шымкенттік жігіт бір жылдан соң ажырасып тынған. Әйелінен әбден көңілі қалған ол шаңырағының қалай шайқалғанын айтып берді, деп жазды KAZ.NUR.KZ.
25 жастағы жігіт бүгінде елордадағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейді.
Оқуын аяқтаған соң солтүстіктің қызымен танысқан ол кейін оған үйленемін деп шешім қабылдайды. Алайда ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірі ұзаққа бармай, небары бір жылдан кейін ажырасып кеткен. Ер адам отбасының ойран болуының басты себебі – менталитеттің әр түрлілігі дейді.
«Оқуды бітірген соң бірден жұмысқа тұрдым. Ата-анам Шымкентте, өзім де қалада туып-өскенмін. Айжанмен (ред. аты-жөні өзгертілді) оқу бітірген жылы таныстым. Бір жылдай жүріп, кейін үйленетін болып шештік. Солтүстіктің қызы болғанымен, ол біз жақтағы салт-дәстүрдің бәрінен хабардар болатын.
Тұрмысқа шыққанша «орамал тағып, сәлем саламын» деген ол үйленгеннен кейін бірден өзгеріп шыға келді. Тіпті анда-санда ата-анам қыдырып келгенде де олардың алдында орамал тағып жүру дегенді білмеді, Шымқалаға бара қалсақ та үлкендерге сәлем салмайтын болды.
Одан қалса, қабақ шытып, мінезін көрсететінді шығарды. Қысқасы дәм-тұзымыз жараспады, екі жыл бұрын жолымыз екі айырылды», - дейді азамат.
Сөз соңында ол үйлену туралы шешімді асықпай қабылдап, барынша өзіңді түсінетін, туып-өскен жеріңнің менталитетіне жақын жерден қыз алған дұрыс деп кеңесін айтты.
«Отбасылық өмірде менталитетке көп нәрсе байланысты болады екен. Сондықтан, жігіттерге айтар кеңесім: жаныңызға жақын, сізді түсініп, сізбен бірдей ойлайтын қызға үйленіңіздер. Жалпы отбасын құруда асықпау керек. Себебі үйлену оңай, үй болу қиын», - дейді жігіт.