Павлодар облысындағы мектеп асханасында 23 оқушы уланып қалды

30.10.2019 15:25

Аспаздардан инфекция табылды

Павлодар облысының Павлодарское аулындағы мектепте 23 оқушы уланып қалған. Оған аспаздардан түскен инфекция себеп болыпты. Асханада істейтін кейбір жұмысшыдан алтын түстес стафилококк табылыпты, деп хабарлайды Stan.kz.

Әзірге олар ем алып жатыр. Ал мектеп асханасының жабық тұрғанына 3 апта болған.

«Асхана жұмысшыларына қатысты күтпеген тексеріс жүргізілді. Екі аспаздан алтын түстес стафилококк анықталды», - дейді облыстық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова.

Тексерушілердің сөзінше, 21 баладан қауіпті бактериялар табылған. Сонымен қатар асхананың лас екені анықталыпты. Ас әзірленген кезде дайынадау технологиясы бұзылған. Сонымен қатар асхана жабдықтарының күйі де мәз емес.

Ал құқық қорғау органдары «Санитарлық ережелерді бұзу» бабы бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Кәсіпкерге 1 миллион теңгеден аса айыппұл салынуы мүмкін.