Бұл – қала әкімінің осы аудан тұрғындарымен "еркін микрофон" режимінде өткізген екінші кездесуі
Алматыда қала басшысының ашық микрофон форматындағы кезекті халықпен кездесулері жалғасуда. Бұл жолы Медеу ауданы тұрғындары өзгелерден тың идеяларымен ерекшеленді. Олар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа толғандырған сұрақтарымен қатар, ұсыныстарын да айта келіпті. Жиында бірі студенттік қоғамдық қабылдау ашуды, ал басқалары мүгедек балалары бар аналарды қолдайтын орталық құруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халықпен кездесуге асыққан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жиынға уақытынан бұрын келмесе ешқашан кешіккен емес. Бүгінде әдеттен озбай, жүздесуді тура белгіленген уақытта бастады. Алдымен жаздағы жүздесуді қорытындылап, кейін халықтың сұрағын тыңдады. Өткен жолы дүйім елден 80-ге жуық сауал түсіп, оның 20-дан астамы оң шешім тауыпты. Ал 15-і қазір шешілу үстінде. Аудан әкімі атқарылған тірлікті жіпке тізіп, есеп берді.
«Аудан тұрғындары өткен кездесуде қауіпсіздікке мән беріп, сапалы медициналық көмекке жүгінуді ыңғайлы етуді сұраған. Осы аралықта 4 пункт «Сұлусай», «Көлсай», «Таулы Қырат» және «Кеңсай» шағынаудандарында ашылды. Қазіргі таңда ол жерлерде 13 мың тұрғын көмекке жүгініп отыр. Халық бұл бастаманы құптады. Сосын полиция пункттері де нәтижелі жұмыс істеп келеді. Іске қосылғалы бері 234 арыз түсіп, 32-сіне әкімшілік іс қозғалды. 100-ден астам адамға заң тұрғысында көмек көрсетілді», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.
Ал, көпбалалы ана Бибінұр Шерәлиева қала әкімінен бастамасына қолдау білдіруді сұрады. Балаларына жалғыз өзі тәрбиелеп отырған келіншек тағдыр тәлкегіне түскен көпбалалы аналарға да көмектесіп жүргенін айтты. Тек кішігірім үйі жомарт келіншектің қолын байлайды. Сондықтан, арманы оны кеңейту. Сөзінше, әлеуметтік үйде барар жер, басар тауы жоқ көпбалалы аналар қол қусырып отырмай, кішігірім кәсіп бастапты. Олар қазақтың ұлттық тағамы жентті шоколадқа аунатып тәтті дайындайды екен. Қоғам белсендісі қолдан жасаған дәмділерін Алматы әкіміне тарту етті.
«Сізге өтінішімді айтсам деп едім. Өмірде сан түрлі жағдай болады. Қоғамда байқасақ көпбалалы аналардың уақытша баспанасыз қалып, қиын жағдайға түскенін көреміз. Әрине, оған әркімнің өз себебі бар. Бізде әлеуметтік баспаналар жоқтың қасы. Мен Медеу ауданы әкімдігінің қолдауымен кішігірім сондай үй ашқан едім. 3 бөлмелі баспанада көпбалалы аналар кемінде 6 айға дейін тұра алады. Дегенмен, оны кеңейткіміз келеді. Бірақ, бюджетте ондай үйлерді қамтамасыз ету қарастырылмаған екен. Соған мемлекеттік қаржыландыруға қоссақ деп едік. Бізге сіздің қолдауыңыз қажет», - деді көпбалалы ана БИБІНҰР ШЕРӘЛИЕВА.
«Егер адамдар осындай әлеуметтік үйлерді құрып, көмек қолын созуға дайын болса, қала әкімдігі қашанда қолдауға ниетті. Қаржылай да көмектесеміз. Көпбалалы аналарға белсенді адамдар көмектескені жөн. Оларға жұмыстары үшін алғыс айтқымыз келеді. Бұл бастаманы қарастыратын боламыз. Бәлкім, “Бақытты отбасы”, “Іскер ана” бағдарламасы аясында көмектесерміз. Шешімін табамыз. Әрі мұндай тәжірибені қаланың белсенді тұрғындары арасында кеңінен насихаттау қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан келген Кенжеғұл Сейітжан Алматы әкімінен зағип жандар арасында голболдан қала деңгейінде жарыс ұйымдастыру үшін көмек көрсетуін сұрады. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 11 команда бар екен. Егер қаржы бөлінсе, тоқсан сайын сайыс өткізуді көздейді. Сонда 2024 жылы Парижде өтетін паралимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік туады дейді.
«Голбол – көзі көрмейтін адамдарға арналған ең алғашқы ойындардың бірі. Біз осы ойынды ауданда 4 жылдан бері өткізіп келеміз. Осы сайысты қала деңгейінде өткізсек. Солайша мемтапсырысқа кіргізуге бола ма?», - деді Қазақстан Паралимпиадалық голбол федерациясының вице-президенті Кенжеғұл СЕЙІТЖАН.
Халық арасында көп көтерілетін сұрақтар қатарында ауыз су мәселесі болды. Атап айтқанда, Тасты қырат, Мұзтау, Көлсай, Сұлусай, Кеңсай және Аққайың елді мекендерінде су жүйесі жоқ. Сұрақтар алдағы жылы шешіледі. Ал Көлсайда көктемде, қалған шағынаудандарда жоспар 2020-2021 жылдары жүзеге асады.
«Мен «Көктобе» шағынауданының тұрғынымын. Бүгін Роза Бағланова көшесі тұрғындары атынын келіп отырмын. Шағынаудан түгел ауызсу және кәріз желілерімен қамтылған да, тек екі көше қалып қойған. Осылай тұрғынана екі жылдың жүзі болды. Әлі су құбыры тартылған жоқ", - деді бір тұрғын.
"2020 жылдың наурыз айына дейін мәселе толығымен шешіледі. Магистралды және кәріз желілерін жүргіземіз», - деп жауап берді оған Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев.
Ағымдағы жылы ұзындығы 78 шақырым болатын газ құбыры салынды. Ол 2 мыңнан астам үйді яғни 50 мың тұрғынды қамтитын болады. Көгілдір отын келесі жылдың бірінші тоқсанында беріледі.
«Алматы толық газдандырылған дегенді жиі естиміз. Бірақ, шын мәнінде олай емес. Мәселен, өзіміз әлі күнге көмір жағамыз», - деді келесі бір тұрғын.
«Бұл мәселеден хабардармыз. Бір емес, бірнеше мәрте талқыладық та. Сіздерде газ қысымынан мәселе бар. Газ жүргізуді қалпына келтірдік. Енді қиындық болмауы тиіс», - деді.
«Қосымша тексеріңдер. Барыңдар», - деді тапсырды әкім.
Медеу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуге 450-ден астам тұрғын қатысты. Олар түрлі саладағы сауалдарын қойып, қала әкімінен бірден жауап алды. Айта кетейік, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алмалы және Бостандық ауданына барады. Ал дүйім ел шаһар басшысының игі бастамасы өте орынды деп бағалайды.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы