Зерттеушілердің пайымдауынша, ауасы лас қала тұрғындарының арасында өлім деңгейі 15%-ға көп екен
Коронавирустың өлімге алып келетін бір факторы ластанған ауа екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Мария Нейра өз зерттеуінде дәлелдепті.
Нейраның сөзінше, экологиялық ахуал өршіп тұрған Латын Америкасы, Африка, Азияның мемлекеттеріндегі өлім деңгейіне назар аударған жөн.
"Біз әлемдегі ластанған қалалардың бірыңғай картасын жасап, мемлекеттерге көмектеспекшіміз. Олар осылайша коронавирус эпидемисының таралмауына шаралар енгізе алады", – дейді маман.
Америкалық Гарвард университетінің ғалымдары да ластанған ауаның коронавирустан адамдардың көз жұму көрсеткішін өсіретіндігін айтып отыр. Зерттеушілердің пайымдауынша, ауасы лас қала тұрғындарының арасында өлім деңгейі 15%-ға көп екен.
Өзінің әріптестерінің сөздерін, германиялық Мюнхен университетінің эпидемиология институтының директоры Анетт Питерс те құптап отыр. Айтуынша, зерттеулердің барлығы алдыңғы ғылыми жұмыстардың негізінде жасалады. Сол себепті жоғарыдағы ғалымдардың жұмыстары – ластанған ауаның коронавирустың қауіпті салдарын күшейтетінін дәлелдейтін бірегей нәтижелер дейді ол.