Президент жастардың әрдайым өзінің айрықша назарында екенін атап өтті
Елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», – деді ол.
Президент атағандай, еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім.
«Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет», – деді Президент.
Сондай-ақ, Президент әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалғанын атап өтті.
«Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы. Бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті. Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды. Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берді», – деді ол.