Биыл еліміздің автопаркі қанша автобуспен толықты

18.12.2023 15:27

Автобустар еліміздің климаттық жағдайына бейімделген

Көлік министрлігі

Өнеркәсіпті дамыту қоры автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде еліміздің барлық өңірі бойынша 4 333 жолаушылар автобусын сатып алу үшін қаржы бөлді, оның ішінде электр қуатымен жүретін — 130, газбен — 1 737, дизель отынымен жүретін 2 466 автобус бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.

Көлік министрлігінен жазғандай, жаңа автобустар халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес шығарылған. Яғни, жолаушыларды ыңғайлы және қауіпсіз тасымалдау үшін барлық қажетті функциямен жабдықталған. Атап айтқанда, кондиционер, өрт сөндіргіштер, бейнебақылау камералары, бейнежазба жүйесі, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған механикалық пандустар қарастырылған.

«Сондай-ақ автобустар еліміздің климаттық жағдайына бейімделген. Мәселен, солтүстік өңірлерге арналған қоғамдық көлікте салондарда қосымша пештер мен салондағы ауаны тазартатын құрылғылар орнатылған», — делінген ақпаратта.

Келесі жылы еліміздің Көлік министрлігі Қормен бірлесіп автопаркті жаңа отандық автобустармен жаңарту және толықтыру бойынша жұмысты жалғастырады деп жоспарланып отыр.

Биыл автобус паркі бірқатар қала мен аймақта жаңартылды:

● Алматы қ. — 17 автобус;

● Астана қ. — 259 автобус;

● Шымкент қ. — 25 автобус;

● Қарағанды облысы — 44 автобус;

● Ақтөбе облысы — 109 автобус;

● Павлодар облысы — 241 автобус;

● Шығыс Қазақстан облысы — 44 автобус;

● Ақмола облысы — 3 автобус;

● Алматы облысы -36 автобус;

● Атырау облысы — 62 автобус;

● Жетісу облысы — 2 автобус;

● Батыс Қазақстан облысы — 29 автобус;

● Қостанай облысы — 57 автобус;

● Қызылорда облысы — 130 автобус;

● Маңғыстау облысы — 52 автобус;

● Солтүстік Қазақстан облысы — 33 автобус;

● Түркістан облысы — 89 автобус;

● Абай облысы — 3 автобус.

Айта кетерлігі, автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде отандық өндірістің қоғамдық көлігін жеңілдікті шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.

Қалалардағы автобус паркін жаңартуды қаржыландырудың негізгі шарттары төмендегідей:

— лизингтік қаржыландыру мерзімі — 7 жылға дейін;

— лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) — 15%-дан;

— жылдық сыйақы жарнасы — 7%.

Өңірлердегі автобус паркін жаңарту үшін қаржыландырудың негізгі шарттары:

— лизингтік қаржыландыру мерзімі — 7 жылға дейін;

— лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) — 0%-ден бастап;

— жылдық сыйақы жарнасы — 0,01%.