«Сарыарқа» ауданында Шабал Бейсекова көшесіндегі көпірдің жанында жеке инвестициялар есебінен жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жалпы абаттандырылған аумақ ауданы – 0.96 га. Жағалауда қала тұрғындары үшін әртүрлі демалыс алаңдары орналастырылған, оның ішінде:
- амфитеатр
- балалар және спорт алаңдары
- велосипед, жүгіру, серуендеу жолы
- баскетбол, волейбол, футбол алаңы
- өрмелеу алаңы
- скейтпарк
Аудан бойынша абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Құрылыс маусымы басталғалы Көктөбе көшесінде (Көктал-1 т.а.) және Фахд бен абдул азиз көшесінде (Агрогородок т.а.) қоғамдық кеңістіктер жайластырылды. Сонымен қатар «Шапағат» СҮ және Желтоқсан-Бұқарбай батыр-Бейбітшілік көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың оң жағалауы қалай көркейетінін мәлім еткен болатын. Оның айтуынша биыл қаланың оң жағалауында 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Қазірдің өзінде 50-ге жуық орында тиісті жұмыстар аяқталған.