Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

04.05.2020 в 15:31

Сағынтаев барлық мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын қатаң сақтауды ескертті және бірқатар нақты тапсырмалар берді

Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Онлайн режимінде өткен кеңеске қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, қалалық Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Нығмеджан Сапаров және аудан әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары қатысты. Кеңесте басшылық қызметте отырған шенділерге қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оның алдын алу шаралары жайлы тағы ескертілді. Заң жүзінде жемқор қызметкері үшін басшының тікелей жауапты екені белгілі. 

«Қазақстан Республикасының қызмет істері заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол заңды бүгін талқылап, аудан әкімдері, басқарма басшыларына түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Негізгі мақсаты – өзгерістер енгізілгеннің бірінші басшылар өзінің қоластындағы, бағынышты қызметкерлеріне жауап береді. Және өзінің мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысын жүргізбесе немесе соның алдын алмаса, ол туралы да жауап береді», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы  Елнар ИГІЛІКОВ.

Жиында қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі, ашық бюджеттің интерактивті картасын іске асыру мәселелері де талқыланды. Оған қоса, мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны көтеру деректерін анықтау да маңызды болып отыр. Кеңес барысында, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі, ашық бюджеттердің publicbudget.kz интерактивті картасын іске асыру мәселелері, мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны көтеру деректерін анықтап, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды және "Бірыңғай сатып алу терезесі" ақпараттық-талдау жүйесі арқылы жымқыруды болдырмау қадағалауды тапсырды.