Алматыда үй карантинін сақтамағандарға айыппұл салынатын болды
Қазақстан қалаларында 3 тамыздан бастап карантин шаралары қайта күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қостанай облысының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің орынбасары Ю. Севостьянов өңірде қатаң шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды. 3 тамыздан бастап тағы да да саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға, қоғамдық және ұйымдастырылмаған жағажайларға, халықтың өзге де демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Қатаң шектеу шаралары 3 тамыз үні сағат 00:00 бастап күшіне енеді.
Маңғыстауда 3 тамыздан бастап жаңа карантин талаптары күшіне енеді. Қаулыға сәйкес, аймақта 3 тамыз сағат 00.00-ден бастап 17 тамыз сағат 00.00-ге дейін қатаң шектеу шаралары енгізіледі. Қаулыға сәйкес, қала маңындағы және қалалық қоғамдық көліктің жұмысы тоқтап, барлық ұйымдарда жиналыстар, кеңестер, конференциялар, форумдар, семинарлар, съездер, көрмелер, тренингтер, оқыту курстарын және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлар, мерейтойлар, еске алу рәсімдері т.б.) өткізуге тыйым салынады.
3 тамыздан бастап Алматыда түнгі 00:00 ден бастап COVID-19 таралуының алдын алу үшін қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Сонымен қатар, қалада үй карантинін сақтамағандарға айыппұл салынатын болды.
Елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері 2020 жылдың 3 тамызынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында қатаң шектеу шараларын ұзарту туралы қаулыға қол қойды. Қалада косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюр қызметтерін көрсететін СПА-орталықтар, тренажер залы, фитнес-орталықтар, спорт-сауықтыру орталықтары, бассейндер, аквапарктер, жағажайлар, қоғамдық моншалар, сауналар, сұлулық салондары мен шаштараздар, орталықтар мен салондар уақытша істемейді. Сонымен қатар, аттракциондардың барлық түрі, оның ішінде ашық ауада, тұрғын үйлердің ауласында және жалпы пайдалану орындарында орналасқан балалардың ойын алаңдарының жұмысына тыйым салынды. Қала саябақтарында, жағалауда, скверлерде балалар мен ересектерге арналған құралдар (электромобиль, құлайтын автомобиль, самокат, гироскутер) жалға берілмейді.
Еске салсақ, Қазақстанда шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды. Екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізіледі. Алайда, бұрынғы соманың жартысы, яғни 42 500 теңгенің жартысы – 21 250 теңгеден беріледі. Бұл қаржыны қазақстандықтар автоматты түрде алады.