Жәбірленуші соттың үкімімен келіспей, Жоғарғы сотқа арызданбақ.
Алматыда үш баланың анасы, отыз бес жастағы жесір әйелді үйінің жанында зорлап кеткен. Қылмыскерге сот үкімі шықты, бірақ жәбірленуші 2,5 жыл жаза мерзімін тым аз деп санайды, деп жазады sputniknews.kz.
Оқиға былтыр тамыз айында болған. Дамира құрбысымен бірге моншаға барып, үйіне келе жатқанда ер адам бас салады да, бір шетке сүйреп апарып, төрт сағат бойы зорлаған. Онымен қоймай, әйелді аяусыз ұрып-соғып, ұялы телефонын ұрлап, қашып кетпек болған. Әбден әлсіреген әйел көшеде кетіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған. Тұрғындар полиция шақырып, болған жайтты баяндайды.
«Аяй гөр» деп жалбарындым, балаларым үшін аяғын сүйіп, қорландым. Ешкімге айтпаған сөздерді айттым. Бірақ оған ештеңе әсер етпеді», - дейді әйел жанары жасқа толып.
Зорлықшыны бұрыннан таниды екен. Екеуі дәмханада бірге істепті, әйел администратор болса, ер адам жүргізуші қызметін атқарған. Жәбірленушінің айтуынша, қызметтес болған кезде талай рет қыр соңынан қалмай, тиіскен көрінеді. Бұл жайында басшылыққа айта-айта еш нәтиже шықпаған соң, жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Содан бері арада бес жыл өткенде ер адам әйелдің мекенжайын сұрап білген.
Зорланған әйел жалғызбасты ана, үш баласы бар. 2005 жылы егіздерінен айырылса, сегіз жыл бұрын күйеуі қайтыс болыпты. Отбасы тұрып жатқан үй өртеніп кеткен соң, қазір 30 мыңға «времянка» жалдап отыр екен. Алты жылдан бері қатерлі ісікпен күресіп келеді. Денсаулығы жарамаса да, еден жуушы болып, нәпақасын тауып жүр. БАӘ-де тұратын құрбысы дәрісін сатып әперіп, көмектесетін көрінеді.
Жаза тым жеңіл ме?
Зорлау ісі Алматы қаласы Медеу ауданының аға полиция
лейтенанты, тергеуші Жандос Жүнісбаевтың қолына түседі. Тергеу амалдарының
тәртібі мен процестік норманы сақтаған ол істі сотқа жібереді. Сотқа дейінгі
тергеулер «Зорлау» және «Тонаушылық» баптары бойынша жүргізілген, бұған сәйкес
күдікті зорлағаны үшін бес жылға дейін, тонағаны үшін жеті жылға дейін жаза
мерзіміне кесілуі тиіс болатын.
Сот талқылауы кезінде жәбірленушінің үш рет жүрегі ұстап, жедел жәрдем шақыруға тура келді.
Зорлықшының туыстары да қайта-қайта телефон соғып, сотта бітімге келу үшін үш миллион теңге ұсыныпты. Әйел келіскенімен, уәде берген соманың 500 мыңы ғана қолына тиген.
«Кезекті сот отырысынан соң маған тіл тигізіп, әкесінің құқық қорғау органдарында істейтінін айтты. Сол кезде кешірім бермеймін, ешқандай бітімге келмеймін деп шештім. Ол мені зорлап, ұрып-соғып, тонады. Барлық досыммен бірігіп зорлаймыз, бәрібір азғантай ғұмырың қалды деп қоқан-лоққы көрсетті», - дейді жәбірленуші.
2018 жылдың 26 қарашасында сот айыпталушыны екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімінен кейін Алматы тұрғыны «Не Молчи» қоғамдық қорына өтініш берген. Ұйым басшысы Дина Смайылова жәбірленушімен бірге үкімге шағым түсіріп, Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясына арызданады. Алайда биыл 6 наурызда сот үкіміне өзгеріс енгізілмейтіні белгілі болды.
«Медеу аудандық сотында көптеген кедергі болды. Іс аудармашының қатысуынсыз, қазақ тілінде жүргізілді. Жәбірленуші мемлекеттік тілді толық меңгермеген. Оған берілген мемлекеттік адвокат іске немқұрайлы қарады. Бізді сотта қорғаушы деп танымады, үкімді жәбірленушінің қолына бермей, видео хаттаманы да ала алмай қойдық», - деп мәлімдеді Смайылова.
Судьяның түсініктемесі
БАҚ-пен байланыс бойынша судья-координатор Ирина Федотова қылмыскерге шығарылған үкімді түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, зорлау ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыс түріне жатады, бап бойынша ең көп жаза мерзімі бес жыл бас бостандығынан айыру.
«Алайда қылмысты ауырлататын жайттар болмаса, жаза мерзімі 2,5 жылдан аспайды. Азаматтың қылмыс жасаған кезде мас болғаны туралы айғақ жоқ. Жазаны жеңілдететін жайттар ретінде сот айыпталушының өкініп, кінәсін толығымен мойындағанын, кішкентай балаларының барын және бұрын сотталмағанын ескерді», - деп түсіндірді Федотова.
Тонаушылыққа қатысты сот шығынның өтелгенін ескеріп, азаматтың бас бостандығын ғана шектеген.
«Не Молчи» қоғамдық қорының белсенділері Жоғарғы сотқа жүгініп, әділдікке қол жеткізуді көздеп отыр.