Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша бала үйдегі бассейнге батып кеткен
Эльмира Суханбердиеваның әріптестері мен блогерлер бұрынғы вице-министрдің кенже ұлы қайтыс болғанын хабарлады.
"Достар, жазу өте қиын. Эльмира Суханбердиеваның кенже ұлы қайтыс болды. Ілияс оның ең сүйікті баласы болатын. Отбасының басына қанша қиындық туды. Ең ауыры - жақындардан, баладан айырылу. Мұны қабылдай алар емеспіз", - деп жазды өзінің Facebook парақшасында Суханбердиеваның бұрынғы кеңесшісі Майраш Тәйкенова.
Блогер және журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желілерде баланың үйдегі бассейнге батып кеткенін хабарлады.
Эльмира Суханбердиеваның төрт баласы бар болатын. Үлкені 26-да, одан кейінгісі 17-де, біреуі 7-де және кішкентайы 3-те.
Айта кетейік, 2019 жылдың 10 шілдесінде Эльмира Суханбердиева мемлекеттік мектепте жекеменшік білім беру мекемесін ашып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды. Бұдан бөлек, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, министрлікке қарасты мекемелерге айфондар мен планшеттерді алдыртқаны бар. Осы қылмыстар үшін оған 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Дереккөзі: sputniknews.kz