Жыл басынан бері қанша этникалық қазақ қандас мәртебесіне ие болды

06.12.2021 15:34

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,7 мың этникалық қазақ оралды

ҚазАқпарат

2021 жылдың басынан бері 17,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 17 358 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,7 мың этникалық қазақ оралды. Биылғы жылдың басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (76,2%) Өзбекстаннан, 9,7% – Қытайдан, 6% – Түрікменстаннан, 2,5% – Моңғолиядан және 5,7% басқа елдерден. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,3%), Түркістан (13,4%), Маңғыстау (19,1%) және Жамбыл (7,8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,5%) қаласына қоныстанды. 

1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші  – 28,1% және зейнеткерлер 16,8%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1% жоғары білімді, 40,2% орта кәсіби білімді, 45,5% жалпы орта білімді және 3,1% білімі жоқ.