Канал суы егіс алқабын суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктер үшін пайдаланылады
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі ең ұзын 5 каналға шолу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
ЖАҢАДАРИЯ КАНАЛЫ
Жаңадария каналы — Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Қызылорда облысының егістік жерлерін, көкөніс-бақша дақылдарын, сондай-ақ табиғи жайылымдар мен жемшөп алқаптарын суаруға арналған.
Каналдың жалпы ұзындығы — 555,4 шақырым, оның 535,6 шақырымы табиғи су арнасы арқылы өтеді.
ЕРТІС-ҚАРАҒАНДЫ КАНАЛЫ
Ертіс — Қарағанды — Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік аудандары мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге арналған канал.
Ұзындығы — 458 шақырым. Оның 272 шақырымы Павлодар облысы арқылы, 186 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді.
Ертіс өзенінің саласынан, Ақсу қаласынан жоғары орналасқан Белая өзенінен бастау алады.
Каналдың негізгі құрылыстары: 22 сорғы станциясы, олардың көмегімен су 418 метрге, 14 су қоймасы мен 34 каналға көтеріледі.
Бір сорғы станциясы секундына 18 текше метр немесе тәулігіне 1,5 млн текше метр су өткізе алады.
АРЫС-ТҮРКІСТАН КАНАЛЫ
Арыс — Түркістан — Түркістан облысының аумағындағы суару каналы. Жалпы ұзындығы — шамамен 196 шақырым.
Қараспан су қоймасынан Бөген су қоймасына дейінгі Арыс каналының ұзындығы — 51 шақырым.
Бөген су қоймасынан басталатын Түркістан каналының ұзындығы шамамен 145 шақырым.
ҮЛКЕН АЛМАТЫ КАНАЛЫ
Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы Іле өзенінің бассейнінде орналасқан.
Канал суы егіс алқабын суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктер үшін пайдаланылады.
Гидротехникалық нысанды салу идеясы Дінмұхамед Қонаевқа тиесілі.
Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы жобаға рекордтық 270 млн рубль бөлу туралы шешімге қол жеткізеді.
Жалпы ұзындығы — 168 шақырым. Канал Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары арқылы өтіп, Алматы қаласына жетеді.
ҚЫЗЫЛҚҰМ КАНАЛЫ
Қызылқұм каналы — Түркістан облысындағы ирригациялық канал. Жалпы ұзындығы — 116,3 шақырым.
Сырдария өзеніндегі Шардара су қоймасынан бастау алады және облыстың солтүстік аймағына су жеткізеді.
Канал 74,3 мың гектардан астам егіс алқабын суаруға, сондай-ақ Шардара су қоймасының толып кету қаупі төнген кезде тасқын суын өткізу үшін пайдаланылады.
Оқи отырыңыз: Димаш Құдайбергенді тербеген бесік музейге қойылды