Сайлау күні ұшқышсыз ұшу аппараттарына шектеу қойылады

06.06.2019 15:35

Ұшу аппараттарын пайдалану тәртібі ҚР ИИДМ сайтында жарияланған

Елімізде Президент сайлауы күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында әуе кеңістігін пайдалану бойынша тиісті шектеулер енгізілмек, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

«Ағымдағы жылдың 9 маусымында сағат 04:00-ден 24:00-ге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумақтарында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға уақытша шектеу қойылады», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты аталған елдімекендер бойынша белгіленген мерзімде ұшуға рұқсат берілмейді.

«Бұл шектеулер Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайларының қызметіне және жоспарлы рейстерді жүзеге асыруға әсер етпейді. Шектеулі ұшу аймағында (ұшқышсыз ұшу аппаратын ұшырған жағдайда) рұқсат етілмеген аппаратты қолданған адамға 10 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады», – делінген Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ұшу аппараттарын пайдалану тәртібі ҚР ИИДМ сайтында жарияланған.