Үш қабатты орта мектептің шатырынан бөлек, ауылдағы жоғары кернеулі бағаналарға да зақым келген
Түркістан облысында соққан қатты жел салдарынан бір мектеп уақытша жұмысын тоқтатты. Шатыры ұшқан оқу ордасының шәкірттері, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша көрші ауылдың мектебіне баратын болады. Қалыптасқан жағдайға байланысты Төлеби ауданында орналасқан «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінде төтенше жағдай жарияланып, комиссия жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жексенбідегі желдің салдарын жоюға ауылдағы ағайын бірден қол ұшын созыпты. Ер азаматтар шатырдың қаңылтырын жинап, ең бірінші жолды ашқан. Таң сәріден басталған жұмысқа еріктілер де тартылған. Олардың басын біріктірген ауыл ақсақалдары айтып келмейтін апаттан ешкім зардап шекпегеніне тәубе етеді.
«Біздің Жыланбұзған елдімекенінің азаматтары кешелі бері жәрдем беріп жатыр. Қолымыздан келген жәрдемнің бәрін береміз. Керек болса, тіпті ақшалай да жәрдем беруге тырысамыз», - деді ауыл ақсақалы Махмуд АХМЕДҰЛЫ.
Айта кетейік, «Жыланбұзған» жалпы орта мектебі осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген. 300 орындық білім ордасында 460 оқушы дәріс алады. Көрші мектептен кабинеттер бөлінгенше, балалар үйіне қайтарылды. Жіберілген бір күндік оқуды осы сенбіге ауыстырдық дейді директордың орынбасары.
«Енді қазір осы жағдайға байланысты оқу процесі тоқталмайды. Көрші тұрған «Сұлтан Рабат» мектебіне балдарымыз тасымалданатын болады. Бүгінгі күннің сабағы сенбіге ауыстырылып, ешқандай оқу процесіне кедергі жасалмайды» - деді «Жыланбұзған» жалпы білім беретін орта мектеп директорының орынбасары Әсия ТҰҢҒЫШБАЕВА.
Мектепті қалпына келтіру жұмыстарына Төлеби ауданы әкімінің басшылығымен шұғыл комиссия құрылып, келтірілген шығын есептелуде. Үш қабатты ғимараттың құрылысын жүргізген мердігер компанияның кепілдік мерзімінің аяқталуына байланысты, табиғи апаттан келтірілген шығын аудан бюджетінен қарастырылатын болыпты.
«Әкімдік тарапынан мамандар келіп, бәрін суретке түсіріп, өлшеп, есебін жасап жатыр. Мердігермен келісім-шарт жасалып қойды. Мердігерлер бір апта көлемінің ішінде шатырын қайтып, орнына келтіріп береміз деп отыр», - деді Төле би ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытқали ЖАҚЫПОВ.
Синоптиктер 9 ақпан күні жел екпіні секундына 26 метр болғанын айтып отыр. Үш қабатты орта мектептің шатырынан бөлек, ауылдағы жоғары кернеулі бағаналарға да зақым келген. Ауылдықтар жарықсыз қалса да, ең бірінші білім ордасының шатырын жабуға жабылып жүр.
Кейін күрделі метеорологиялық жағдайға байланысты Қарағанды облысының кейбір кенттері мен ауылдық округтерінде төтенше жағдай жарияланды.