Кәмелетке толмаған жастар қалай ақша табады

Сурет: elements.envato.com
Сурет: elements.envato.com
Жұмыс жасөспірімдерге білім алуына зиян келтірмеуі керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазір балалар ерте ер жетіп қана қоймай, тәуелсіздікке қол жеткізуге тырысады. Ал тәуелді болмаудың алғашқы әрекетінің бірі - табыс. Балаларының қалауына қарай кейбір ата-ана перзентінің ерте бастан жұмыс істеп, ақша табуына қарсы емес, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Еңбек шартын қанша жастан бастап істеуге  болады?

Қазақстандық адвокат Жалғас Серіпханқызының айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек шартын 16 жасқа толған азаматтармен жасасуға рұқсат. Егер жасөспірім негізгі орта немесе жалпы орта білім алған болса, онда ол 15 жастан бастап ресми түрде жұмыс істей алады.

Еңбек шартын 14 жастағы оқушымен де жасауға болады. Бірақ мұндай жағдайда оқушы жұмысты бос уақытта істеуі керек. Демалыс күндері болса, тіпті жақсы.

14 жастағы оқушымен шарт жасасу кезінде жұмыс денсаулыққа, адамгершілік және білім алуына зиян келтірмеуі керек екенін ескеру қажет. 16 жасқа дейінгі баланы жұмысқа алу кезінде еңбек шартына оның ата-анасы немесе басқа заңды өкілі де қол қоюы керек

Жасөспірімнің бір күнде неше сағат жұмыс істеуге рұқсат?

Маман 14 және одан жоғары жастағы жасөспірім аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайтынын айтты.

 - Кодекстің 31-бабы бойынша, 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын уақыт белгіленеді, - деді адвокат.

Жұмысты қайдан іздеуге болады?

Жұмыс табу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тұрғылықты жері бойынша мансаптық жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну керек. 

Мансап орталығы жұмыс іздеп жүрген адамға ақысыз негізде жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес береді, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Ал электрондық еңбек биржасында (www.enbek.kz) бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге ыңғайлы болу үшін "Enbek-жұмыс іздеу" қосымшасы іске қосылған.

Қандай жұмыс түрлерін істеуге рұқсат?

Еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенсек, көбінесе жасөспірімдерге біліктілікті, жоғары білімді қажет етпейтін бос жұмыс орындары ұсынылады. Мысалы:  

сатушы-кеңесші, сатушы-кассир;

курьер; сату менеджерлері, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер;

даяшы, бариста;

әкімші;

байланыс орталығының операторы, байланыс орталығының маманы.

Бала денсаулығына қауіп төндіретін немесе оның білім алуына кедергі болатын кез келген жұмысқа қабылдауға немесе тартуға немесе оның денсаулығы мен физикалық, психикалық, рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына зиян келтіруге тыйым салынған.

Айта кетейік, Қазақстанда заңнамалық деңгейде жасөспірімдерге кәмелетке толғанға дейін жұмыс істеуге рұқсат етілгеніне қарамастан, әлі де белгілі бір тыйымдар бар.

Еске салайық, бұған дейін жасөспірімдер қайда еңбек ете алатыны туралы хабарланған еді.

Оқи отырыңыз:  Көп ұйықтау адам өмірін қысқартады

Новости партнеров