Мегаполисте тарихи орталықтың 60%-ы: 600 көше мен 1400 ескі аула жөнделді
Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында Алматының тағы бірқатар көшелерін модернизациялау жөніндегі құрылыс жұмыстарының және инженерлік коммуникацияларды қайта құру барысын тексерді, деп жазды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жайлы қала кеңістігін қалыптастыру мақсатында биылғы жылы Достық даңғылы, Жібек жолы мен Байсейітова көшелерінің бойында энергия жинақтаушы тротуар шамдары, көше жиһаздары, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері пайда болады. Жасылдандыру қолға алынады, ескі ағаштарды сақтай отырып, жаңа ағаштар отырғызу, суарудың автоматты жүйесін тарту жоспарланған.
Қоғамдық кеңістікті модернизациялау аясында нысандардың сыртқы келбетін жаңарту жоспарланған, керексіз конструкциялар, діңгектер, қоршаулар мен тротуарларды қосып алып, заңсыз салынған объектілер сүрілетін болады.
«Жұмыстардың барынша сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына айрықша назар аудару керек. Құрылыс жұмыстарының мәдениетін тұрақты арттырған жөн. Қалалықтарға ыңғайлы болу үшін барлық жерге басшылардың нөмірлері жазылған нысан паспорты орнатылуы, арнайы қоршаулар және жаяу жүргінші траптары, аулаға еш кедергісіз кіріп-шығатын белгілер қойылуы тиіс. Қажет болса, жауапсыз мердігерлерді қатаң жазалау керек. Түскен шағымдардың сараптамасы атқарылған жұмыстар туралы ақпараттың қалалықтарға кейде дер кезінде жетпейтінін көрсетті. Сондықтан қала тұрғындары мен бизнес иелері алдын-ала құлағдар болып, кері байланыс реттелуі тиіс. Біз тек алматылықтардың қолдауының арқасында ғана қаламызды көркейте аламыз», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Дәл осы күні мегаполис басшысы Төле би көшесі бойындағы жарты миллионға жуық қалалықтарды ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін сонау 1985 жылы іске қосылған жылу магистралін модернизациялау барысын тексерді. Биылғы жылы мұнда жөндеу жұмыстары құбыр жарылуы мүмкін Розыбакиевтен Мұқановқа дейінгі және Фуркаттан Отарға дейінгі бөліктерде жүреді. Қала басшысы барлық құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда 737 км сумен қамту және 603 км су тарту желілері жөнделді. Биылғы жылы 6 аудандағы тағы 130 км су құбыры мен 111 км кәріздің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жүргізілген оң шаралардың нәтижесінде тозу деңгейі 5%, апат 8%, шығын 5,3% азайды.
Жалпы, 2015 жылы қалалықтардың талқылауынан соң қабылданған «Алматы-2020» бағдарламасы аясында мегаполисте тарихи орталықтың 60%, 600 көше мен 1400 ескі аула жөнделді. Көше жарығының үштен бірі диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылды, 300 км арық және 2000 км инженерлік желілер ауыстырылды. Қаланың барлық өтпелі жолдары жаңарды.
Биыл қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50 пайызын қамтитын тағы 600 ауланы жөндеу басталды. 140-дан астам көшеде орташа жөндеу жүруде, қаланың 14 ықшамауданында 456 көше салынуда. Қаланың шет аймақтарындағы бірқатар саябақтар, скверлер мен жүргінші аймақтары абаттандырылады. Қала кеңістігінің қауіпсіздігі үшін 120-дан астам көшеге жаңа LED шамдары орнатылады.