Шымкентте жыланмен суретке түспек болған жеткіншек ауруханадан бір-ақ шықты

19.06.2019 17:17

Селфи жасамақ болып, мойнына сала берген кезде қолын шағып алған

sputniknews.kz

Шымкенттік гипербариялық оттектеу бөліміне жаз басынан бері улы жәндіктер мен жорғалаушылардан жапа шеккен 9 науқас түскен. Солардың бірі – 16 жастағы жасөспірім. Ол жыланмен суретке түсемін деп ауруханадан бір-ақ шыққан, деп жазды otyrar.kz.

Азат бауырымен жорғалаушыны тауда кездестірген.

«Қолымда фотоаппарат болды. Сондықтан жыланмен суретке түспек боп мойныма сала бергенім сол – дереу қолымды шағып алды. Енді міне, ауруханада жатырмын», – дейді Азат.

Одан басқа ауруханада қарақұрт шаққан 6 адам және жыланнан зардап шеккен 3 адам жатыр. Осы орайда мамандар аяқ-киімге мән беру керектігін айтады.

«Көкке шыққан кезде жабық аяқ киім киген дұрыс», – дейді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.

Биыл маусым айының басынан бері тұрғындар құтқару қызметіне 26 мәрте жүгінген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары екен.