Бақытжан Сағынтаев сел қаупі төнген аумаққа барды

14.08.2019 15:39

Әкім тұрғындарға сел қауіпінің сейілгенін айтып, сабырға шақырды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы төтенше жағдайды көргеннен кейін артынша аудан халқымен кездесуге барды. Әкім тұрғындарға сел қауіпінің сейілгенін айтып, сабырға шақырды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Таңнан бері халықты әбігерге түсірген Қарғалы өзені қазір бірқалыпты ағуда. Еш алаңдауға негіз жоқ деді шаһар басшысы. Өзен қалыпты жағдайда секундына 20 текше метрге дейін су жібере алады. Қазіргі уақытта су ағыны секундына 4,86 текшені құрап отыр. Арнайы қызмет орындары қауіпті аймақты бақылауларына алған.

«Әлгінде көлден аққан су тоқтағаны жайлы хабар келді,  содан соң көңілім кішкене орнына түсіп, өздеріңізге келіп отырмын. Келіп жатқан су өзі ағып шыққан су, 22 шақырым ғой, өзі ағып кетіп жатыр. Су қоймасының үстінен қарағанда оның деңгейінің азайғаны көрініп тұр. Енді біршама уақыттан кейін бәрі реттеледі, тағы да бір Алла сақтап қалды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.