Алматыда кафенің күзетшісі танысын өлтіріп тастады. Белгілі болғандай, қылмыс бірнеше күн бұрын Іле-Алатау ұлттық паркінің аймағында орналасқан кафеде орын алыпты.
Осыған дейін ауыр қылмысы үшін істі болған күдікті жолдастарымен ішімдік ішкен көрінеді. Отырыс барысында танысымен сөзге келіспей, күзетші бөтелкелесіне бірнеше жерінен пышақ сұққан. Жәбірленуші тілге келместен оқиға орнында жан тәсілім етіпті. Қазір күдікті ұсталып, кінәсін толығымен мойындады. Тергеу жұмыстары жүргізуде.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының нормалары бойынша ол қамауға алынды. Сот медицина, басқа да сараптамалар тағайындалатын болады. Дегенмен, оның кінәсі айдан анық. Жалпы полиция тарапынан және қала билігінің тарапынан бұл ойын-сауық кешендерінде қандай да бір тәртіпке ретке келтіру алға қойған мақсатымыз. Қазір рейдтік шаралар барынша қолға алынды. Яғни, күзетшілер аса мамандандырылған күзетші болуы керек», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айта кетейік, қылмыс орын алған кафенің басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер мекемеге 50 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Өйткені, ол бұрын сотты болған адамды жұмысқа алып, келушілердің қауіпсіздігін бақылауға алмаған. Сондай-ақ, тексеру барысында Іле-Алатау ұлттық паркінің жанында орналасқан нысанның заңсыз екені анықталды. Сот шешімі шығып, кафенің иесі оны өз еркімен сүруі тиіс болған.