Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті қолдайтын «Нұр-Капитал» бағдарламасына сұраныс артып жатыр. Бүгінде аталған «Нұр-Капитал» бағдарламасы аясында 121 жоба үшін 2,4 млрд. теңгеге несие алынып, мыңның үстінде жаңа жұмыс орны құрылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл бағдарламаның ерекшелігі - кәсіпкерлерге 1% үстемақымен несие алып, бизнес бастауына мүмкіндік береді. Соның ішінде, көш бастап тұрған Жаңаөзен қаласында 38 жоба, Мұнайлы ауданында 44 жоба, Бейнеу ауданында 12 жоба, Түпқараған ауданында 11 жоба, Маңғыстау аданында 9 жоба, ал Қарақия ауданында 7 жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында «ӨзенМұнайГаз» ААҚ-тан 900 миллион теңге және «Даму» қорынан 1,8 млрд. теңге қаражат бөлінген.
Облыстың кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында жалпы құны 2,7 млрд. теңге болатын несие ресурстары бағытталды. Бұл қаражат АҚ «Forte bank», АҚ «Сбербанк», АҚ «Қазақстан Халық Банкі», сондай-ақ, АҚ «Банк Центр Кредит» банктері арқылы 8,5% бөлініп, жергілікті бюджет бойынша 7,5 пайызбен субсидияланған. Сәйкесінше, соңғы қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеме 1% құрайды. Берілетін қаражат инвестицияларға (негізгі құралдарды сатып алу және модернизациялау) несие сомасының 30 пайызынан асырмауды мақсат етіп, инвестициялық несие аясында айналым капиталын толықтыруға бөлінеді.
Несие мерзімі: инвестициялар үшін - 7 жылға дейін, ал айналым қаражаттарын толықтыру үшін - 3 жылға дейін. Несие алушы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 85% дейін мемлекеттік кепілдік ала алады және оған несие тұрақты жаңа жұмыс орындарын құрайтын жағдайда ғана беріледі. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету – «Нұр-Капитал» жобасының негізгі бағыттары болып саналады, сәйкесінше барлық жобалар Өңірлік үйлестіру кеңесінің рұқсатынан өтеді.