|
31.12.2019 | 10:42
4645

Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Мегаполис басшысы баршаға денсаулық пен табыс, өсіп-өркендеу тіледі

Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды Жаңа жылмен құттықтады Almaty.tv.

Бақытжан Сағынтаев Алматы тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтады, – бұл туралы әкім өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жаңа жыл – жаңа күннің жаршысы, өткен жылды қорытындылап, болашаққа батыл қадам жасайтын уақыт. Жаңа жыл – жақындарымызбен қауышып, армандарымызбен табысатын мерейлі мереке. Барлық адам баласы асыға күтетін айрықша сәт. Кең пейілді қазақ елі бұл күнді қашанда ерекше ілтипатпен, ыстық ықыласпен қарсы алған», – деді мегаполис басшысы.

«Баршамыз қош айтысып, тарих қойнауына қалдырып бара жатқан 2019 жыл берекелі де мерекелі, табысты да оқиғаларға толы болды. Ал қаламызда, тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, кең талқылауымен «Алматы-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдадық. Аталған бағдарлама Алматы келбетіне көрік қосып, жұртшылыққа қолайлы, қауіпсіз әрі шетсіз қала құру бойынша басым бағыттарды іске асыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Қазірдің өзінде алматылықтардың табысы 6,7 пайызға артып, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 2 100 000 шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл жетістіктерде сіздердің әрқайсыларыңыздың қолтаңбаларыңыз бар. Мен, әрбір алматылыққа осы көрсеткен қолдаулары мен адал еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл қасиет барлық уақытта да қала тұрғындарының негізгі ерекшелігі болып келеді», – деп атап өтті әкім.

Бақытжан Сағынтаев бір күннен кейін төрімізден жаңа 2020 жыл орын алатынын, баршамыздың келер жылға үлкен үміт арта отырып, сүйікті қаламыз Алматының одан ары гүлденуіне бар күш-жігерімізді жұмсайтынымызды атап өтті.

«Дана халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп, дөп басып айтқан. Ендеше, осынау отбасылық шуақты мерекеде әр шаңыраққа бақыт пен береке, қуаныш пен шаттық тілеймін! Жаңа жылда әр алматылықтың денсаулығы келісті, еңбегі жемісті, өнері өрісті болсын!», – деді мегаполис әкімі жұртшылыққа қарата.  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир