Халықаралық авиациялық комитет апат орнында әлі де зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Олар жақсы сақталған, сондықтан оқу кезінде мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Мемлекетаралық авиация комитетінде мереке күндері де жұмыс істейтін болады деп уәде берді. Біз бұрын айтқандай, 10 қаңтарға дейін тергеудің алдын ала нәтижелерін береміз. Тергеу қорытындысы бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр әуе компанияларының ребрендингтен кейін пайдаланушы куәлігін қайта алуға талпынғандарын да айтты. Оның сөзінше, барлық кінәлілер жауапқа тартылады. Тіпті Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің қатысы бары анықталса жазасын алады деді Роман Скляр.
«Азаматтық авиация комитетінде жұмыс істеген мемлекеттік инспекторлар әуе компанияларының қызметін тоқтатқан. Алайда, компаниялар ребрендинг жүргізіп, БСН-ді өзгертіп, сол құраммен және сол ұшақтармен пайдаланушының куәлігін қайта алуға тырысқан. Ал министрлік басшылығы бұл куәліктерді қайта тоқтата тұрдық, себебі бұл таза фикция. Ешкім ешкімді жасырмайтынына сендіргім келеді. Тергеу нәтижесінде алынған барлық деректер жарияланатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.
Бұдан бөлек, Премьер-министр орынбасары Bek Air әуе компаниясының әртүрлі деңгейдегі лоббистердің қатысуымен бірнеше рет IOSA сертификаттарын алмауға тырысқанын да мәлімдеді. Мұндай әрекетті олар халықаралық рейстерге шығу үшін жасаған. Бірақ министрлік бұл талап барлығына бірдей екенін жеткізді. Қазіргі таңда барлық қазақстандық әуе компанияларында бұл сертификат бар.