Қазнетте қоршауда тұрған полицей қызметкеріне бақбақ гүлін сыйлаған бүлдіршіннің суреті таралып, желі қолданушыларының ықыласына бөленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл жағдайдың қалай болғанын, суреттің желіде қалай таралып кеткенін кішкентай қыздың анасы Саяжан Досжанова өзінің Facebook парақшасында әңгімелеп берді.
Ол 9 маусымды қызының «адамдарға үміт пен нұр сыйлаған» күн ретінде есте сақтап қалатынын айтады.
«Бұл – менің сөздерім емес, Instagram-да жекеме жазған адамдардың сөзі. Көп рақмет сіздерге, достар! Қуаныштымын! Шынымды айтсам, суреттің ыстық тоқаш секілді түрлі топтарға, қауымдастықтар мен ақпараттық сайттарға, тіпті танымайтын адамдардың сторизына да осынша лезде тарап кетеді деп күткен жоқпын», – деп жазды келіншек әлеуметтік желіде.
Саяжан жағымсыз, тіпті, көңілге тиетін пікірлердің де болғанын алға тартты. Оны «баласын митингіге апарған ессіз ана» деп атап немесе «хайп» жасап, атын шығарғысы келетінін де айтқандар болған.
Алайда желі қолданушысы жағдайдың тіпті басқаша болғанын айтты.
«Біз анам екеуміз екі жасар қызыммен дауыс беріп, артынша кейбір жұмыстарымызды бітіру үшін үйден шықтық. Дауыс берген соң «Жастар» сарайы жаққа жүрдік. Біздің сайлау учаскеміз №4 мектепте орналасқан. Сондықтан сол жерден шыға сала, «Жастар» сарайы жаққа бет алдық», – дейді келіншек.
Жол-жөнекей олар қоршауды көрген.
«Арнайы киім киген адамдар, ЕММЖ, қалқан, дүрліккен адамдар – барлығы митингтің белгісі. Ватсапқа кірсем, құрбыларым полициядан қашқан жүздеген адам мен қоршаулардың фото, видеосын жіберіпті. Осының бәрі біздің үйіміздің дәл жанында болды», - деп атап өтті ол.
Алайда ол артқа шегінбеген. Оған қоса, қоршау дәл оның үйінің аумағында орналасса керек.
«Біз митингіге барған жоқпыз. Жай ғана өз шаруамызбан кетіп барап жатып, кездейсоқ сол маңға тап болдық. «Жастар» сарайына келгенде полиция қызметкерлері арбамызды көтеруге көмектесті. Сыпайы қарым-қатынас жасады. Өзіміз дау тудырмаған соң, бізге ешкім тиіскен жоқ.
Жол жөнекей қызым гүл теріп алған болатын. Сол гүл шоғын кіп-кішкентай, топ-томпақ қолымен арнайы киімдегі ағаларына өзі ұсынды», – деді қыздың анасы.
Оның айтуынша, бүлдіршіннің жасы небары 2-де болғандықтан, ол әлі кімнің кім екенін білмейді.
«Қызым ойламаған жерден гүлді жұлып, полиция жасағына сыйлай бастады. Оны суретке түсіріп алу да дәл сол сәтте ғана ойыма келді. Сөйтіп, ол суретті Instagram мен Twitter-ге салып, жақындарыммен бөлістім. Бар болғаны осы», - деп түйіндеді Саяжан Досжанова.