Биыл Алматыда көпбалалы жанұяларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады

20.02.2019 23:15

Алматы әкімінің есеп беру жиынында көтерілген маңызды мәселелер шешімін табатын болды

Алматыда көпбалалы отбасылардың баспана алуына жеңілдік беріледі. Осындай жанұяларды қолдау үшін қалада «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Нәтижесінде, талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, алғашқы жарнаны төлеуге шамасы жетпеген 1300-ге жуық жанұя үйлі болмақ. Осы жылы тағдыр тауқыметін тарқан тұрғындарға әлеуметтік көмек те көптеп көрсетілмек. Тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін барады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек халыққа есеп беру жиынында айтты. Отырыста көтерілген өзекті мәселелерді туралы Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Алматылықтар ағылған алқалы жиында қала әкімі Бауыржан Байбек бұқараны мазалап келген мәселелерді көтерді. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдауға аса ден қойды. Бүгінде қалада 14,5 мың көпбалалы отбасы тіркелген болса, оның 6 мыңға жуығы әлеуметтік аз қамтылған жанұялар. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасылардың өмірін жақсарту үшін биыл бірқатар ауқымды жұмыс атқарылады. Ол үшін көпбалалы жанұяларға арналған «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы іске қосылады. Көмекке мұқтаж топтардың негізгі түйткілін шешуге мүмкіндік беретін тың жобаны жүзеге асыруға 5,5 млрд теңге бөлінбек.

«Заңгерлік және психологиялық кеңес беретін, жәрдемақы алу бойынша өтініш толтыруға, жұмысқа орналасуға және қосымша оқуға көмек беретін «бір терезе» қағидаты бойынша арнайы орталық ашпақпыз. Орталықта жұмыс жасауға көпбалалы аналардың өздері тартылмақ. Осындай аналарға ыңғайлы ету үшін орталықта шағын-балабақша да ұйымдастырылатын болады. Біз қажетті ғимаратты қала орталығынан тауып қойдық. Демеушілер тартып, шұғыл арада шағын жөндеу жұмыстарын жүргізсек, Ана орталығының жұмысын тез бастап кетуге болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы кезек күттірмей іске қосылады. Соның арқасында талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрған 1300-ге жуық жанұя үйлі болады. Енді күнкөрісі төмен тұрғындар үшін алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ын құрайды, несие 2%-бен 18 жылға беріледі. Ал алғашқы жарнаны төлеуге қала бюджетінен 1 млн теңге сомасында тұрғын үй сертификаты таратылады.

«Мұндай қаржыға құны 15 млн теңгеден аспайтын, жаңадан салынған үйлердің шағын көлемді пәтерлерін сатып алуға болады. Ағымдағы жылы осындай 500-ден астам пәтерді Алатау және Наурызбай аудандарында пайдалануға беру күтілуде. Барлығы кезекте тұрған 1276 отбасыға осындай пәтер алу үшін 12 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта «Бақытты отбасы» бағдарламасын қаржыландыру үшін 12 млрд теңгенің жартысы, яғни 6 миллиард теңгені бөлу бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкімен» жұмыс жүргізілуде», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Тұрмысы төмен тұрғындарға қолдау қашан да қажет. Осыны ескерген қаладағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері мұқтаждарға көмек үшін біркүндік жалақысын аударатын болды. Енді екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыздықтан қажыған отбасылардың да жағдайы оңалады. Былтыр қалада 32 мың адам еңбекпен қамтылса, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 2000-нан астам тұрғын жұмысқа тұрады. Сондай-ақ, табысы төмен көпбалалы жанұялардың екінші баласынан бастап бөбекжайға тегін барады. Ал мектеп пен жоғарғы оқу орнында озат оқыған балаларына стипендия беріледі.

«Бүгінгі күні аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін 14 254 балаға мектептерде ыстық ас, 3475 балаға мектеп формасы мемлекет есебінен төленсе, 2333 балаға қаржылай көмек және 1050 балаға жазғы лагерьлерге жолдама беріледі. Бұған қоса, біз «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы үздік оқитын балаларға стипендия төлеуді ұйғардық. Бұл баланы білім алуға талпындырады. Университеттер мен колледждердің студенттеріне айына 10 мың теңгеден, мектепте оқитын балаларға көмек ретінде 5 мың теңгеден төленбек», – деді Бауыржан БАЙБЕК.

Бүгінде қалада білім сапасын арттыруға да ерекше ден қойылған. 2022 жылға дейін шаһарда орта білім ошақтарының да саны көбейіп, Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарында 8 мектеп бой көтереді. Соңғы үш жылда Алматыда 11 мектеп пен 9 балабақша тұрғызылған еді. Кәсіпкерлердің көмегімен 500-ден астам бөбекжай ашылып, кезек 18 мың балаға қысқарған. Бұл қарқын бұдан былай да бәсеңдемейді. 

«Өздеріңіз білетіндей, жалпы жатақханаларда орын аз, ал үлкен қалаға әлі үйренісе алмай жатқан біз сияқты ауыл-аймақтан келген студенттерге бұл қиын мәселе болып тұр. Осы мәселенің шешімі жақын арада табылады ма?», – деген студент сауалына Алматы қаласы әкімінің орынбасары жауап берді.

«Елбасының тапсырмасымен 15 жер телімі әкімдік тарапынан барлық жоғарғы оқу орындарына таратылып берілді. Қазіргі жоғарғы оқу орындары жатақхана салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізінде, қалада жатақханаға зәру студенттердің саны 30 000-ға жетіп жығылады. Елбасы тапсырмасымен, 2020 жыл аяқталғанға дейін Алматы қаласында болжам бойынша 40 жатақхана салынады деген жоспарымыз бар», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Қазір Алматыда өзге өңірден келген 93 мың студент білім алса олардың үштен бірі жатақханаға мұқтаж. Сондықтан бұл жоспар да сәтті жүзеге асса, студенттердің баспана мәселесі оңынан шешілмек. Жастарды қолдауға қалада жіті мән беріліп отыр. Былтыр Алматыда 19 мың жас жұмысқа орналастырылғандықтан, олардың арасындағы жұмыссыздық едәуір төмендеген. Бүгінгі жиында алматылықтар тұрғын үй түйткілі, әлеуметтік нысандардың жайы, медицина қызметкерлерінің немқұрайлылығы, жұмыссыздықты жою сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Айтылған әр мәселе біртіндеп шешілетін болды.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы