Қос отбасына қуаныш сыйлаған «Қолғабыс» қайырымдылық қоры игі іске ұйытқы болып, үй салып берді
Қайырымды жандардың көмегімен арыстық көпбалалы екі отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Баспана алу бақытына ие болған отбасының бірінде – кәмелет жасқа толмаған 4 бала болса, екіншісінде 7 бірдей жасөспірім өсіп келеді. Осы кезге дейін жалдамалы пәтерде, оған шамасы келмей қалған сәттерде саяжай мен қараусыз қалған үйлерді өз күшімен жамап, жасқап баспана етіп келген. Мемлекет тарапынан балаларына берілетін жәрдемақымен жан бағып, күн көруде.
Қос отбасына қуаныш сыйлаған «Қолғабыс» қайырымдылық қоры игі іске ұйытқы болып, үй салып берді.
Баспанаға мұқтаж жандарға берілген екі тұрғын үйдің жалпы аумағы 101 шаршы метрді құрайды. Мұнда екі бөлмеден бөлек ас және жуыну бөлмесі, әжетханасы бар. Ал қабырғасы күйген қыштан тұрғызылып, іші-сырты заманауи үлгідегі құрылыс материалдарымен қапталған.
Тағы бір ерекшелігі мұнда жайғасқан отбасылардың тұрмысы түзелген шақта бөлме санын көбейтуге немесе қосымша құрылыс жүргізуге болатындай ыңғайлы жоба таңдалған.
Қуанышына кенелген қос отбасын Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы құттықтап, қайырымды іске атсалысқан «Қолғабыс» қорына және барша жомарт жандарға ризашылығын білдірді.