Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова өмірден өтті

05.07.2021 15:48

Әселхан Әлішерқызының айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол

yassy-tur.kz

Қазақстанның халық ақыны, айтыскер Әселхан Қалыбекова өмірден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин Facebook-тегі парақшасында жазды. 

«Қазақ айтыс өнерінің аса көрнекті өкілі, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамыз бұл жалғанмен қоштасыпты. Алла алдынан жарылқасын!» – деп жазады айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин.

Әселхан Әлішерқызының айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Халық ақыны айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін бітірген (1966).

Еңбек жолын 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында бастаған. Аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған (1971-1991). 1981-1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. 1981-1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орынды уысында бекем ұстап тұрды.

Айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.

Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері (1989). Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Қазақ КСР – ның Халық ақыны құрметті атағы берілді (1990 ж. 6 сәуір).

Айтыс өнерінің ақтаңгері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың “Отырар аспаны” (1994), “Басыңды тікпей бақ қайда?! ” (1990-2000), “Алладан пәрмен сұраған” (2000), “Сырттан кеткен тамырлар” (2004), “Жыр-Шапағат” (2008), “ Әселхан Әлемі” (2008) атты кітаптары жарық көрді.

Отырар аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған ақындар мектебіне жетекшілік етті. Аталмыш мектептен көптеген айтыс саңлақтары шықты. Бүгінгі айтыс көкжиегіндегі шоқ жұлдыздар – Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова секілді айтыскерлер осы мектептің шәкірттері.

Отырар ауданының «Құрметті азаматы». “Парасат” орденімен марапатталған (2005).

Дереккөз: aitysker.org