Оқиға жексенбіде Төле би көшесінде болған
Таразда оқыс жағдай. Қала көшелерінің бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жылу магистралінің шұңқырына автокөлік құлап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Темір тұлпар ішінде жүргізуші мен оның жұбайынан бөлек, 3 айлық және 6 жастағы 2 бала болған. Жарақат алған 3 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, Lexus автокөлігінің жүргізушісі жол белгісін елемей, құрылыс алаңына өткен. Сөйтіп айналасына қоршау қойылмаған 4 метр тереңдіктегі орға түскен. Қазір құбыр қазушы компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
Айта кетейін Тараздағы М-1 жылу магистралі 80 процентке тозған. Сондықтан орталық көшелерде желіні жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
– Құрылыс нысанының басына Төле би көшесінің бойына тиісті шектеу жол белгілері қойылған. Қазіргі кезде тиісті медициналық көмек шаралары көрсетілуде. Енді құрылыс алаңына жүргізуші тыйым салынған белгілерге қарамай кіруіне байланысты әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігі қаралатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданында ескірген құбырлар ауыстырылады