Қ.Тоқаев: Мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын

фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz
Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі лайықты бағалануы керек екендігін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Онда мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді түгендеп, алдағы мақсат-міндеттеріміз туралы айтты. Әсіресе, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жан-жақты зерттеуді тасырды, деп хабарлайды almaty.tv.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада тарихи құжаттарды аса мұқият зерттеу керектігін баса айтты. 

Ол: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», – деді.

Сонымен қатар, Президент Желтоқсан оқиғасының лайықты бағасын алу керектігін атап өтті. 

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» – деді мемлекет басшысы.

Қ. Тоқаев: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті», – деп тарихи фильмдердің қаражат аз жұмсалып, көптеп шығуы керек екендігін айтты.

Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі лайықты бағалануы керек екендігін айтты. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының толық нұсқасын біздің сайтымыздан оқи аласыздар.

Новости партнеров