Есіл ауданында жыл басынан 78 адам обыр ауруымен тіркеуге алынып, 26-сы өмірден өткен
Солтүстік Қазақстан облысының Бұлақ ауылында өлім-жітім көбейіп, елдің басы ол арадан қашып кетіп жатыр. Қайтыс болғандар арасында жастар да бар. Жергілікті атқамінерлер өлім-жітім статисикасын растады, мұны олар ауылдағы қария адамдардың көптігімен түсіндіреді, ал ауыл тұрғындары өздеріне іргелес жатқан алтын өндірісінен улы зат шығады деп санайды, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
«2014 жылы Бұлақ ауылының қасында алтын өндірісі іске қосылған кезде жұрттың қуанышында шек болмады. Бұқара қосымша жұмыс орындарының пайда болатынына сеніп, ауылдың көркеюін күткен еді. Алайда, уақыт өте келе халықтың қуанышынан гөрі, қайғысы басым түсті. Қазір мұндағы әрбір тұрғын кен орнының жабылуын қалайтын көрінеді. Тек соңғы бір жарым жылдың ішінде 20 ауыл тұрғыны бақилық болды. Тілектес Есжанов алтын өндірісінде бір кезде жұмыс істеген. Күнде карьердің топырақ сараптамасын алып, құрамындағы алтынның үлесін анықтау оның тікелей қызметі болды. Бірақ, араға бірнеше ай салып, денсаулығы нашарлағанын байқаған соң, жұмысты тастауға тура келді,- дейді ол. Оның айтуынша, ешуақытта ауырмаған ағасы да, алтын өнідірісінде істеп жүріп, сырқаттанып, артынша қайтыс болған», - дейді телеарна тілшісі.
«Карьерге барамыз, басым ауырып, давлением көтеріледі. Осындағы медиктер мені жіберген жоқ. Қан қысымым - 160-170. Лабораторияға пробаларды әкелеміз.Сасып тұрады бәрі. Шаң зиян ғой. Содан мен шығып кеттім. Міне бір жыл бұрын туған ағам қайтты. Осы алтынның кесірінен», – деді Бұлақ ауылының тұрғыны Тілектес ЕСЖАНОВ.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы бір жарым жылда аталған кәсіпорында жұмыс істеген 7 адам бақилық болған. Осыдан шошыған кейбір отбасылар туған жерін тастап, қоныс аударуы жиілеген. Қазір ауылда шамамен 800 адам қалған.
«5 жыл бұрын келгенде, экология мәселелер жоқ, ештеңе болмайды, өзіміз үш ай сайын тексереміз деп, әуелде бізге жиналыс ашып айтқан. Ал енді соның нәтижесі – сонда жұмыс істеген жас жігіттер бұл дүниеден өтіп кетті. Енді сол экологиялық, онкологиялық мәселе десек, олар мойнына алмайды», – дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Қадыржан ШОПАНАЕВ.
«Ционид дейді, құйған балшықтың үстіне төгеді екен. Соның иісі келсе, сол жетіп жатқан көрінеді. 40 жасқа да жетпей қайтып жатыр жастар. Бірінен соң бірі. Олар анау каръердің ішінен шықпау керек қой деп ойлаймын. Ал сол КАМАЗ-дар көшеде өтеді. Құмдарын, балшығын түсіреді», – дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Нұридден ЕДІРИСОВ.
Кен орнындағы жағдайды жіті байқауға күзетшілер кедергі болды. Компания басшылығымен тілдесудің де сәті түспеді. Жағдайды білмек болып, Есіл ауданы атқамінерлерінің есігін қақтық. Жергілікті атқамінерлер соңғы жылдары бұл маңайда өлім көбейгенін растады. Олардың айтуларынша бұған радиация ғана кінәлі емес.
«Бұлақ ауылдық округі бойынша жыл басынан бастап 10 адам қайтыс болды. Оның ішінде обырдан бір адам бақилық болды. Жалпы, бұл ауылдың халқы қартайып барады. Сондықтан өлім-жітім көбейіп отыр», – деді СҚО Есіл ауданы әкімінің орынбасары Еділ ТҰТҚЫШЕВ.
«Ал сараптама қорытындысына сәйкес, су, топырақ пен ауадағы зиянды заттардың мөлшері қалыпты нормадан аспайды. Дейтұрғанмен, облыстық онкологияның дерегі басқа. Алтын өндірісін қолға алған Есіл ауданы обыр ауруы бойынша өңірде көш бастап тұр. 10 айда 78 адам тіркеуге алынған. 26-сы өмірден өтіпті. Бірақ оның себебіне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ», – дейді телеарна тілшісі.