Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды
Наурызбай ауданы тұрғындары «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын, Рүстем Қайыртайұлымен кездесті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат - ел руханиятына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғаның танымды әңгімесін тыңдап, айтыс өнерін тамашалау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы кезде мұндай адамгершілік, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар тақырыбындағы кездесулер сирек. Осындай шаралар адамның рухани тұрғыда дамуына септігін тигізеді деп санайды ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, кездесу барысында айтыскер ақынға тұрғындардан әртүрлі сұрақтар қойылды. Айтыс өнерін серік еткен Рүстемнің өнер жолындағы жетістіктері баяндалды.
«Біз айналысып жүрген айтыс деген дүние - рухани жаңғырудағы бел ортасындағы дүние. Біздің де насихатымыз, халықтың салты, дәстүрі, тілі өлмеуі үшін, ол ұлттық дәлелі, әдет-ғұрпы нақыштары. Өте қазақи тұрғындар бұл Наурызбай ауданында. Нағыз жаны қазақтар, қаны қазақтар деп айтса болады», – деді айтыскер ақын Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ.