Алматыда бизнеске келтірілген залалды өтеу процесі қалай жүргізіледі

17.01.2022 15:52
ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бизнестің залалын өтеу тәсілдері әзірленді. Жақын арада кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу тетігі InfoKazakhstan сайты арқылы енгізілетін болады. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штабтың отырысында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошманбетов айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бизнеске келтірілген залалды өтеу процесі қалай жүргізіледі?

1) кәсіпкер өтеу туралы өтінімді қажетті құжаттармен қоса, InfoKazakhstan арқылы жібереді. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылады.

2) өтінімді өңірлік комиссия қарайды.

3) өңірлік комиссия залалды өтеу сомасын мемлекеттік бюджеттен бөлу туралы шешім шығарады.

4) қаржы мемлекеттік бюджеттен зардап шеккен кәсіпкердің пайдасына аударылады.

Өтеу сомасының есебі келтірілген залалдың 3 түрі бойынша жүргізілетін болады:

жылжымайтын мүлік (ғимараттар мен құрылыстар);

бүлінген жылжымалы мүлік пен жабдық;

ұрланған тауарлар бойынша жүргізіледі.

Айта кетейік, 3-16 қаңтар аралығында ҚР ҰҚП бірыңғай call-орталығына 7 938 қоңырау келіп түсті. Оның ішінде 2 226 қоңырау тонау мәселелері бойынша, ал бизнесті қайта бастау және зиянды бағалау алгоритмі бойынша 695 қоңырау шалынды.  

Алматыда 1856 объектіде орналасқан 1563 зардап шеккен бизнес субъектісі анықталды (зардап шекен бизнес субъектілерінің салалары: сауда - 1482; қоғамдық тамақтандыру - 44; каржы секторы - 61; логистика - 23).  

Залалдың жалпы сомасы шамамен есептеулер бойынша 93,4 млрд. теңгеден асады.  

Бүгінгі таңда тергеу-жедел топтары 1154-тен астам ШОБ орнын қарап шықты.