Жолдауды іске асырудың Жалпыұлттық жоспары жасалды

07.09.2021 20:30

Бірінші бағыт – бойынша 27 іс-шараны іске асыру көзделген

Сурет: видеодан кадр

Елімізде Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспар қабылданды. Оның жобасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 бастама мен 7 бағыттан тұратын 102 іс-шараны қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалпыұлттық жоспарда негізінен пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді жұмыстар атқарылмақ. Жалпыұлттық жоспардың жобасы 102 іс-шараны қамтиды. Мысалы, Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын 2022 жылы іске асыру үшін 1 трлн. теңге қаржы бөлінеді.

«Мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында оны басқару тұжырымдамасы әзірленеді. «Өндірушіден тұтынушыға дейін» тізбегі бойынша бағаларды бірыңғай бақылау үшін негізгі мемлекеттік орган айқындалатын болады. Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы Заң әзірленетін болады. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маманын даярлау, цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспортын 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарлануда», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылатын болды. Еліміздің ауасы лас 10 қаласы газбен не баламалы қуат көзімен қамтыламақшы.  Бұдан бөлек, Үкімет инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Ұлттық Банкі төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендету жоспарланғанын айтты.

«Бірқатар облыстарда биылғы жылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9%-дан жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық Банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды», – деді ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Ерболат Досаев.

«Инфляцияның 50 пайыздан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуімен байланысты», дейді Ұлттық экономика министрі. Мұндай проблемаға жол бермес үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетілмекші. Жалпы сауда бойынша аналитикалық платформа құрылыпы, онлайн режимінде жұмыс істейтін алаң азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізуге және болжамды бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Ақша-кредит саясатының аясында, инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлемін бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады. Бұл шаралардың бәрі биылғы жылдың соңына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Сондай-ақ жалпыұлттық жоспар аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдетіледі. Медициналық бұйымдарға зертханалық және техникалық сынақтар жүргізу орталығын құру көзделіп отыр.

Естеріңізге салайық, Президент Жолдауы аясында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бизнесті жұмысшыларының еңбекақысын көбейтуге ынталандыру бойынша іс-шаралар әзірленуде. Келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін жекелеген санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға ұлғайту міндеті қойылды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы