Келесі жылы тағы 13 автотрасса ақылы болады

21.02.2019 15:52
Sputnik Казахстан

2020 жылы 13 автожолда ақы алу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай» және «Астана-Теміртау» учаскелерінде ақы алу жүйесі ағымдағы жылдың қаңтар айында іске қосылғанын атап өтті.  

Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы ұзындығы 5 мыңнан астам шақырымды құрайтын 13 учаскеде ақы алу жүйесін орнату конкурсын жариялау жоспарланған.

Жеңімпазды осы жылдың желтоқсанында анықтауды көздеп отырмыз және 2020 жылы 5 мың шақырым жол ақылы болады»,- деді вице-министр. Жалпы, оның дерегіне сәйкес, 2021 жылы елімізде ақылы жолдардың ұзындығы шамамен 6,5 мың шақырымға жетеді.