Жеке тұлға өзінің қаржылық жағдайын қалай жақсарта алады

15.12.2022 00:52

Мәжіліс депутаттары жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады

ortcom.kz

Мәжіліс депутаттары жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев төменгі палата депутаттарына заң жобасын тағы бір мәрте түсіндіріп, толыққан тұстарына тоқталды. Құжаттың маңыздылығына ден қойды.

Жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялап, қаржылық міндеттемеден, яғни, кредиттерден құтылатыны туралы заң шығады дегенді көпшілік жақсы қабылдады. Алайда, мәжіліс депутаттары осындай жағдайды алаяқтар өз пайдасына қолданып кете ме деп алаңдайды. Жиында Асқарбек Дүйсенбаев банкроттыққа әдейі баратындар мен мүліктерін жасырып қалатындар қалай анықталатыны туралы мәселені көтерді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мұндай фактілер алаяқтық бабы бойынша тексерілетінін алға тартты. Ал кірістер комитеті банкрот болған тұлғаға мониторинг жүргізіп отырады. Мүлікті жасырып қалу сынды жағдайлар да әкімшілік құқық бұзушылық кодексі арқылы қаралады екен.

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне де бірқатар өзгерістер көзделген. Мысалы, қасақана банкроттық, мүліктік немесе материалдық құндылықтарды жасырғаны үшін де әкімшілік құқық бұзушылық кодекс арқылы, қаржы басқарушысына да тиісті жауапкершілік көзделген», – деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова .  

Жеке тұлға өзінің қаржылық жағдайын 3 рәсім бойынша жақсарта алады. {Алғашқысы, егер азаматтың қарызы 5 миллион теңгеге жетпесе, соттан тыс өзін «банкрот» деп жарияласа болады. Ол үшін борышкерде ресми кіріс және мүлік болмауы керек. Ал берешегіңіз 4 миллион 900 мың теңгеден асса, онда сот рәсіміне жүгіну керек. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Банкрот болған адамның тұрақты табысқа қол жеткізгеннен кейін қарызды қайтару жоспары жасалады. Соның нәтижесінде «банкрот» деген мәртебесінен айырылады. Кредит алмау және тағы басқа да шектеулерден құтылады. Алайда, бұл рәсімдерді қолданғаннан кейін бірнеше талап қарастырылған екен.

«Біріншіден, 5 жылға дейін несие алуды шектеу көзделген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден. банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Банкроттыққа өтінімді тек жеке тұлғаның өзі ғана бере алады. Оның орнына банктер, кредиторлар, коллекторлар рәсімдей алмайды.

Өмір Серікбекұлы Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан