Тығырыққа тап болған балалар турасында Заңға қандай өзгерістер енетінінен мамандардың өзі бейхабар

21.01.2020 15:52

Былтыр елімізде өмірлік қиын жағдайда қалған 7 мыңға жуық бала тіркелген

Елімізде өмірлік қиын жағдайға түскен балалар мен отбасыларды қолдау үшін Заңға енгізілген медициналық-әлеуметтік есеп түсінігін кейбір жауапты мамандар білмейтін болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл дегеніміз – балаларға әртүрлі мекемелер бірігіп әлеуметтік, психологиялық тағы да басқа көмек көрсету тиіс болатын. Әр ауыл, ауданда мұндай жеткіншектер анықталып, оған қажетті қолдау көрсететін мекемелер белгіленуі керек еді. Өткен жылы Заң қабылданғанмен оны жүзеге асыру тектіктерінен тиісті жауаптылар хабарсыз деді дейді депутаттар. Яғни норма тиісті деңгейде жүзеге аспай жатыр. Сол себепті Қазақстан халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

«Халықаралық сарапшылардың беріп отырған ұсыныстары – біріншіден, жергілікті органдағы осы қызметте жұмыс істейтін мамандардың білімділігін қамтамасыз ету. Екіншіден, осы жұмысты жүргізу барысында балалардың құқығы бұзылған жағдайда немесе олардың белгілі бір тұрмыстық басқа да зорлық-зомбылыққа душар болған жағдайлар бойынша тиісті құқық қорғау органдарға хабарламау бойынша әкімшілік жауапкершілік көрсетілген», – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Балайым КЕСЕБАЕВА.

Халықаралық ұйымдар медико-әлеуметтік тізімді жүзеге асырудың пилоттық жобасын құрған. Айта кетейік, былтыр елімізде өмірлік қиын жағдайға түскен 7 мыңға жуық бала тіркелген.

«Медико әлеуметтік есеп – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдарын біріктіреді. Алайда ол үшін әлеуметтік қызметті және кейс менеджментті дамыту керек. Кейс менеджмент дегеніміз – баланы тек қиын жағдайда ғана қолдау көрсету емес, бұл бала мемлекет көмегі арқылы қиындықтарды жеңіп, қоғамның бір мүшесі болады. Мемлекетіне пайда әкелетін азамат болып қалыптасады», – деді БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур Ван ДИЗЕН.