Биыл 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді
Қазақстан 2025 жылға дейін 977 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"2025 жылға дейін 103 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 977 мың отбасы баспанамен қамтылады", – деді министр Үкімет отырысында.
Айтуынша, мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне 7 теңге жеке инвестиция тартылады.
Атамқұлов биыл елде 17 миллион шаршы метр немесе 163 мың баспана салынуы керек екенін еске салды.
26 желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 12 өңірде артқан, деп толықтырды ол.