Қазақ ғылымының бүгінгі беталысы қандай

12.04.2022 15:53

Мерекені атап өту 2012 жылдан басталды

12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл Қазақстан Республикасының Президентінің 2011 жылы 20 қазанда қол қойған Қаулысымен бекітілген. Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Мерекені атап өту 2012 жылдан басталды.

Осы орайда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Өмірсерік Байгенженов Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатын назарыңызға ұсынамыз.

Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы. Қазақ ғылымы тәуелсіздіктің отыз жылында да өз биігінде, өзгелермен терезесі тең даму үстінде.

– Қазақ ғылымының бүгінгі беталысы қандай?

– Қазақ ғылымының бүгінгі қоғамдағы беталасы айтарлықтай алға басып келеді.  Әлі де болса қолға алып, жетілдіру жұмысын жүргізуді талап ететін салалар жеткілікті. Дегенмен соңғы жылдарды ғылым және білім саласындағы өзгерістің көбісі көңілден шығарлық. Осы қарқынмен барлық ғылым жолындағы іс-шараны заманауи талапқа сәйкес ашық, әділ жолмен ұйымдастырса, қазақ ғылымының жетер жетістігі зор болатынына сенімім зор.

– Ғылыми қызметкерлер өз саласына қатысты үдеден шыға алып жүр ме?

– Ғылыми қызметкерлердің басым бөлігі өз саласына қатысты мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын конкурстар мен іс-шаралардың жүргізілу тәртібіне көңілі толмайды. Нақты айтқанда, көңіл толмаушылық мемлекет пен министрлік тарапына емес, нақты шараларды іске асырушылар, яғни орындаушыларға байланысты. Бұл орайда жетілдіру қажетті негізгі фактор – іс-шаралардың ашықтығы.

– Елімізде ғылымның қай түріне жете көңіл бөлген жөн?

– Елімізде қолға алып, көңіл бөлу қажет сала Президент айтып кеткендей техникалық бағыттар. Осы бағытта соңғы жылдары байқағанымыздай, талапкерлерге арналған мемлекеттік грант саны жылдан-жылға артуда. Бұл – құптарлық тенденция. Бірақ бұл істі соңына дейін қадағалап, Отанымыздағы ірі өнеркәсіп орындарына оқуын бітірген студенттерді жұмыспен қамту бойынша талап қою керек деп ойлаймыз. Сонда білім алып шыққан түлектеріміз жұмыссыз қалмас еді.

– Бізде бәрі жазбаша нәтижені ғана орындауға тырысады да, жазылып жатқан жұмыстардың жемісін көре бермейміз. Неліктен?

– Барлық ғылыми нәтиже тек қағаз жүзінде ғана қалып жатыр деген оймен толық қосыла алмаймын. Жазылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ішінара жүзеге асырылып, өндіріске енгізіліп жатқандары да бар. Бірақ, бұл көрсеткішті арттыру үшін Отанымыздағы өнеркәсіп орындарын ғылым саласын қолдау және қаржыландыру бойынша қатаң талап қою керек. Қәзіргі жағдайда еліміздегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бөлек, және ғылыми зерттеулер жүргізіп жатқан институттар мен университеттер бөлек жұмыс істеуде. Ғылым мен кәсіпорындар арасында байланыс аз. Көптеген жоспарланған ғылыми жұмыстың мүлде жүзеге асырылмауы немесе зерттеу нәтижесінің өндірісте қолданылмауының себебі осыда деген ойдамын. Алдағы уақытта ғылым мен өндіріс орындарының арасындағы байланысты  күшейтіп, зерттеу жұмыстарының нәтижесін кәсіпорындарда тікелей жүзеге асыру бойынша шара орындалатын болса, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге болар еді.

 Сұхбатыңызға рахмет!