Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа тағылған алаяқтық жасады деген айып алып тасталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz оның адвокаты Алмас Демесіновке сілтеме жасап.
Желіде 28 қазанда Бас прокуратураның Бағдат Мәнізоровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатқаны туралы құжаттың скан-көшірмесі пайда болды.
«Істің тоқталғаны туралы арыз үкіметтің электрон кабинетіне бағытталған. Себебі қылмыстық заңбұзушылық жағдайлар мен құрамы анықталмаған. Ресми жауап келді. Негізінде бұл түпнұсқа құжат», – деді Алмас Демесінов.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны қыркүйектің соңында белгілі болды. Шенеунікке қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ол бұл қызметке осы жазда ғана тағайындалған еді.