Асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 30,2 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 244 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 30,2 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 536,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 198,2 мың адамды құрайды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қосымша орта есеппен 14,5% индекстелді.
Мысалы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін - 89 248 теңге, 2-топ үшін – 71 398 теңге, 3-топ үшін – 48 681 теңге.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем төленеді.
Мәселен, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 92,2 мың адам еңбек қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 59,6 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша төленеді, оның мөлшері 1 қаңтардан бастап - ҚР Үкіметінің шешімі бойынша 8,5%, 1 шілдеден бастап - қосымша 14,5% өсті.
1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері - 33 454 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 34 423 теңге.