|
26.06.2019 | 12:29
33840

Енді Ресейге баратын қазақстандықтар басқа құжат көрсетуі тиіс

Мәжіліс Қазақстан және Ресей шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады

Енді Ресейге баратын қазақстандықтар басқа құжат көрсетуі тиіс  Bnews.kz

Енді Қазақстан-Ресей шекара маңында орналасқан қалалар мен ауылдардың тұрғындары мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде бұрынғыдай тіркеу кітабын емес, мекенжай анықтамасын көрсетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл жаңашылдық Қазақстан және Ресей шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы заң жобасында көзделген.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара 7500 шақырымнан асады және бұл әлемдегі ең ұзын шекара саналады екен.

«Қазір Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Оның 30-ы – автокөлік, 20-сы – теміржол және біреуі өзен арқылы өтетін пункт. Сонымен бірге шекара маңындағы тұрғындарға арналған 86 өту бекеті жұмыс істейді», – деді министр.

Ол Қазақстан мен Ресей азаматтарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

«Қазақстанның ішкі заңнамасында азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасын енгізуіне қарай, аталған келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр», – деді Атамқұлов.

Бұл өзгерістер былтыр қарашада Петропавлда өткен 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумында қол қойылған хаттамамен енгізілді.

Енді Ресеймен шекара маңында орналасқан елді мекендердің тұрғындары шекараны кесіп өткен кезде тіркеу кітабын емес, мекенжай анықтамасын көрсетеді.

Министрдің айтуынша, тіркеу кітабына қарағанда мекенжай анықтамасын алу әлдеқайда жеңіл. Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз қызметін ұсынып отыр. Бұған қоса, мекенжай анықтамасын электронды түрде алуға болады.

Бұл мәселе Ресейдің сыртқы істер министрлігімен пысықталған. Құжат ратификацияланғаннан кейін ресейлік тарапқа мекенжай анықтамасының үлгісі ресми түрде жолданады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир